Қазақстандық "Biz Birgemiz Qazaqstan" қоғамдық қоры Қырғызстандағы селден зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі мәлім еткендей, 19 шілде күні таңертең жүк көліктері "Ақ-Тілек" қазақ-қырғыз шекара бекетінен өтіп, Ош облысына жолға шыққан.
Гуманитарлық көмек тиелген көлікте азық-түлік өнімдері – ұн, қант және басқа да өнімдер, ең қажетті тауарлар, сондай-ақ гигиеналық заттар бар.
Еске салайық, 28 маусымда Қырғызстанда нөсер жауын-шашын жауып, Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел тасқыны өтіп, оның салдарынан тұрғындар мен туристер зардап шекті.
14 шілдеде Ош қаласы мен Ош облысында жойқын сел болып, салдарынан 5 адам қаза тапты.
Қайғылы оқиға болған күні шығыс қазақстандық екі ұл мен екі қыз аналарымен бірге туыстарына барған.
"Табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста. Біздің Қырғызстандағы Елшілігіміз қайтыс болған балалардың туыстарына барлық қажет көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында", - деп жазылған СІМ хабарламасында.
Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесіп, төтенше жағдайдың мән-жайын және екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын талқылады.