Қазақстан Қашаған дауы бойынша сотта жеңді

Самал Асқар 26 нау. 2026 19:23

Қазақстан Қашаған жобасына қатысты дауда бірінші инстанция сотында жеңіске жетіп, іс апелляция сатысына өтті, деп хабарлайды DalaNews.

Бұл туралы Сенат кулуарында Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлімдеді. Оның айтуынша, экологиялық талаптарды бұзу, нақтырақ айтқанда күкірт сақтау лимиттерін асыру бойынша талап арыз сомасы 2,3 трлн теңгені құрайды.

«Қазақстан аумағында бірінші инстанция сотының шешімі шықты, яғни республиканың ұстанымы заңды деп танылды», – деді ол.

Алайда алты мердігер компания (жеті компанияның бірі – «ҚазМұнайГаздан» бөлек) 6 наурызда апелляциялық шағым түсірген. Қазіргі уақытта іс апелляцияда қаралып жатыр.

Сонымен қатар, мердігер компаниялар халықаралық деңгейде де дауды жалғастыруда. Олар Қазақстанға қарсы Франция және Нидерландпен жасалған екіжақты келісімдер аясында арбитраждық талап арыз берген.

Бұл іс АҚШ-тың Вашингтон қаласында ЭКСИД (ICSID) аясында қаралады. Қазір арбитраждық трибуналды қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр.

Вице-министрдің айтуынша, бұл бағытта Әділет, Экология және Энергетика министрліктері бірлесіп жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, арбитраж процестеріне қатысты ақпараттың көп бөлігі құпия болып қала береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove