Қазақстан Өзбекстанға өсімдік майын жеткізуде көшбасшылықты сақтап қалды

Қазақстан Өзбекстанға өсімдік майын жеткізуде көшбасшылықты сақтап қалды
pixabay.com

Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстанға өсімдік майын жеткізетін ең ірі экспорттаушы мәртебесін сақтап қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сонымен қатар елдің май-тоңмай өнімдері экспорты рекордтық $944 млн-ға жетті.

2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Өзбекстанға 553 мың тонна май-тоңмай өнімін экспорттады. Бұл өткен маркетингтік жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 130,8 мың тоннаға, немесе 31%-ға көп.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майы нарығындағы үлесі 90%-дан асты. Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандық өнімді жеткізу көлемі соңғы бес маркетингтік маусым бойы тұрақты өсіп келеді.

Сонымен қатар май-тоңмай саласы өнімдерінің жалпы экспорты да артып отыр. Маркетингтік жылдың тоғыз айында Қазақстан өсімдік майын, шрот пен күнжараны шетелге 944 млн АҚШ долларына экспорттады.

Экспорттық түсім 2024/2025 маркетингтік жылының қыркүйек–мамыр айларымен салыстырғанда 331 млн долларға, немесе 54%-ға ұлғайды.

Болжам бойынша, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына қарай өсімдік майы, шрот және күнжара экспортының көлемі 1,15 млрд АҚШ долларынан асады.

Сыртқы нарыққа жеткізілімнің артуына отандық қайта өңдеу саласының дамуы ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы майлы дақылдарды қайта өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның ішінде 4,4 млн тоннасы күнбағыс тұқымын өңдеуге арналған.

Бұл көрсеткіш Өзбекстандағы барлық қайта өңдеу қуатынан 700 мың тоннаға артық.

Жаңа кәсіпорындарды салу және іске қосу есебінен 2028 жылға қарай Қазақстанның май-тоңмай саласындағы қайта өңдеу қуатын жылына 8 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта қазақстандық май-тоңмай өнімдері 20-дан астам мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азия елдерінің күнбағыс шроты бойынша қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орында тұр.

Алдағы уақытта сала әлемдегі күнбағыс майын экспорттайтын алғашқы үш елдің қатарына еніп, экспорттық түсімді 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.