Қазақстан ОПЕК+ жаңа келісімі аясында мұнай өндірісі көлемін арттырады

Кәмшат Тілеухан 04 там. 2025 09:44

Қыркүйек айында ОПЕК+ аясындағы сегіз мемлекет мұнай өндіру көлеміне қатысты ерікті шектеулерді тәулігіне 547 мың баррельге қысқартады. Бұл Қазақстанның қыркүйек айында мұнай өндірісін тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ұйымның ресми баспасөз хабарламасында айтылған.

"Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, БАӘ, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман ғаламдық мұнай нарығындағы тұрақтылықты қолдауға дайын екендіктерін растады. Олар нарықтағы тұрақты сұранысты, қорлардың төмен деңгейін және қолайлы іргелі көрсеткіштерді атай келе, бұл өздерінің алдында енгізілген ерікті шектеулерді жоюдың кезекті кезеңіне өтуге мүмкіндік бергенін нақтылайды. Аталған шешімге сәйкес, қыркүйек айында сегіз ел тамыз айымен салыстырғанда тәулігіне қойылған ерікті шектеулерді 547 мың баррельге қысқартады", делінген ресми хабарламада.

Бұл - сәуір айында қолға алынған нарықтың тәулігіне 2,2 миллион баррель мұнай өндірісіне біртіндеп оралу жөніндегі кең ауқымды жоспардың бір бөлігі. Бұл шешім тұрақты экономикалық болжамдар мен нарықтағы қолайлы жағдай, атап айтқанда, әлемдік мұнай қорларының төмен деңгейі аясында қабылданды. Осылайша, қатысушы елдер өзара келісілген ерікті шектеулер режимінен жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын — 2025 жылдың қыркүйегінің соңында, яғни 2026 жылға дейін күтпей-ақ шыға алады. Алайда, нарықтағы жағдай күрт нашарласа, бұл процесс тоқтатылуы немесе мүлде жойылуы мүмкін.

Нарыққа қатысушылар икемділікті сақтау оларға нарықтың ауытқуларына тезірек бейімделуге және 2024 жылдың қаңтарынан бастап жинақталған артық өндіріс көлемін өтеу бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мониторинг JMMC уағдаластықтарының орындалуын бақылауды қоса алғанда, бұрын келісілген ОПЕК+ тетіктері шеңберінде жүргізілетін болады.

Сегіз елдің келесі кездесуі 2025 жылдың 7 қыркүйегінде өтеді. Оның қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдері нарықтың жай-күйін және ағымдағы шаралардың тиімділігін бағамдайды.

ОПЕК+ мәліметінше, қыркүйек айында ең жоғары квоталар келесі елдерге бөлінбек:

  • Сауд Арабиясы – 9,978 млн барр./тәулік,
  • Ресей – 9,449 млн,
  • Ирак – 4,220 млн,
  • БАӘ – 3,375 млн,
  • Кувейт – 2,548 млн,
  • Алжир – 959 мың,
  • Оман – 801 мың.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар