Қазақстан нарығына 113 тоннадан астам карантиндік өнім кіргізілмеді

Қазақстан нарығына 113 тоннадан астам карантиндік өнім кіргізілмеді
pixabay.com

Қазақстанға Иран мен Ресейден жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің партияларынан қауіпті карантиндік нысандар анықталып, жалпы көлемі 113 тоннадан астам өнімнің нарыққа шығарылуына жол берілмеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Маңғыстау облысындағы «Темір-Баба» өткізу пунктінде Ираннан жеткізілген салаттың 9,9 тонналық партиясынан батыс гүл трипсі анықталды. Ақтөбе облысындағы «Жайсан» бақылау бекетінде Ресейдің Орынбор облысынан келген 0,7 тонна «Айсберг» салатынан да осы зиянкес табылған.

Ресейден әкелінген жалпы көлемі 100 тонна болатын үш партия азық-түлік арпасының құрамынан ауыл шаруашылығы алқаптарына қауіп төндіретін карантиндік арамшөп, жатаған кекіре анықталды.

Ал Ақтөбе облысында Ресейден жеткізілген 3 тонна қызанақтан бірден екі карантиндік нысан табылды. Мамандар оңтүстік америкалық қызанақ күйесін және қызанақ жемісінің қоңыр әжімділік вирусын анықтаған.

Карантиндік нысандардың бар екені «Фитосанитария» РМК аккредиттелген зертханаларында жүргізілген сараптамалар нәтижесімен расталды.

Анықталған фактілер бойынша хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Кінәлі тұлғаларға айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитеті карантинге жатқызылған өнімдерді елге әкелу кезінде фитосанитариялық бақылауды күшейтуді жалғастырып жатыр. Негізгі мақсат ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіруі мүмкін қауіпті карантиндік нысандардың Қазақстан аумағына енуі мен таралуына жол бермеу.