Қазақстан мұнай өңдеу саласын дамытуға басымдық беріп отыр. Елде мұнай өңдеу көлемін арттыру, мұнай өнімдерінің өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Энергетика саласының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 18,3 млн тонна мұнай өңделіп, жоспарлы көрсеткіш 2,23 пайызға асыра орындалды. Ал мұнай өнімдерінің өндірісі 14,75 млн тоннаға жетті.
2025 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаға дейін өсіп, жоспардан 4,5 пайызға жоғары болды. Осы кезеңде өндірілген мұнай өнімдерінің көлемі 15,47 млн тоннаны құрап, жоспарланған межеден 6,3 пайызға асты. Ал 2026 жылы 15,49 млн тонна мұнай өнімін шығару жоспарланып отыр.
Мұнай өңдеу саласын дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды
Саланы одан әрі дамыту мақсатында Үкімет 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжаттың негізгі мақсаты – қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігін арттырып, өңдеу қуатын айтарлықтай ұлғайту.
Тұжырымдама аясында жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту көзделген. Нәтижесінде олардың жалпы өңдеу қуаты қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29 млн тоннаға дейін артады. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа ірі мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Осылайша Қазақстанның жалпы мұнай өңдеу қуаты жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізілмек.
Мұнай өнімдерінің сапасы артады
Жоспар бойынша мұнайды терең өңдеу деңгейі қазіргі 89 пайыздан 94 пайызға дейін өседі. Сондай-ақ мотор отындарының өндіріс көлемін арттыру және мұнай-химия саласын дамыту көзделген. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің экологиялық сапасы кезең-кезеңімен К4 стандартынан К5+ деңгейіне дейін көтерілмек. Бұл өнімдердің экологиялық талаптарға сәйкестігін жақсартып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Шикізат экспортынан жоғары қосылған құнды өндіріске көшу
Сарапшылардың пікірінше, аталған жобалардың жүзеге асуы Қазақстанға мұнай өңдеу көлемін едәуір ұлғайтып қана қоймай, отандық шикізатты тиімді пайдалануға, мұнай өнімдерінің түрлерін көбейтуге және жекелеген өнімдер бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа өндірістердің іске қосылуы мұнай-химия саласының дамуына серпін беріп, қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін арттыруға жол ашады.
Осылайша мұнай өңдеу саласын дамыту Қазақстанның мұнай-газ секторын жаңғыртудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Ел біртіндеп шикізаттық модельден толық өндірістік цикл қалыптастыруға және жоғары технологиялы өнім шығаруға бет бұруда.