Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара мойындай бастады

Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара мойындай бастады
Сурет: Egemen.kz

25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану тәртібін енгізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, енді Әмірліктерде уақытша жүрген Қазақстан азаматтары ұлттық жүргізуші куәлігін жергілікті заңнама талаптарына сәйкес пайдалана алады.

"Ал БАӘ-ге тұрақты тұруға көшкен азаматтар қазақстандық жүргізуші куәлігін теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ жергілікті жүргізуші куәлігіне айырбастай алады. Бұл жеңілдік “В” санатындағы жеңіл автокөліктер мен “В1” кіші санатындағы трициклдер және квадроциклдерге ғана қатысты", - деп хабарлады ведомство.

Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін қолданыстағы жүргізуші куәлігі, тұруға ықтиярхат, медициналық анықтама және құжаттың ресми аудармасы қажет. Бұл ретте қазақстандық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді.

Алайда жеңілдетілген тәртіп жүргізуші куәлігінің өзге санаттарына қолданылмайды.