Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алды. Аударыспақтан өткен жарыста Кәрім Нұрталап финалда қырғыз балуанын жеңіп, чемпион атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шешуші бәсеке Қазақстан өкілінің жеңісімен аяқталды.
Кәрім Нұрталап аударыспақтан чемпион атанды
Кәрім Нұрталап аударыспақ жарысында Қазақстан қоржынына VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы алтын медалін салды.
Аударыспақ – қазақтың ұлттық ат спорты. Бұл сайыста спортшылар ат үстіндегі ептілігін, тепе-теңдікті сақтай білуін және атты басқару шеберлігін көрсетеді.
Көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтіп жатыр
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты Бішкектегі "Бішкек Арена" стадионында ұйымдастырылды.
1 қыркүйекте жарысқа қатысушылар Ыстықкөл облысындағы Шолпан-Ата қаласына жеткізіліп, орналастырылды.
Негізгі спорттық сайыстар мен мәдени бағдарламалар 2-6 қыркүйек аралығында Шолпан-Атада және Ыстықкөл маңында өтеді. Жабылу салтанаты 6 қыркүйекте көл жағасында ұйымдастырылады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден шамамен 3 мың спортшы қатысып жатыр.
Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық және дәстүрлі спорт түрі енгізілген. Олар сегіз негізгі бағытқа бөлінген. Атап айтқанда, әлем халықтарының ұлттық ойындары, ат жарыстары мен ат үстіндегі сайыстар, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі күш спорттары, зияткерлік ойындар, дәстүрлі садақ ату, қыран құстармен және аңшы иттермен аңшылық жасау, сондай-ақ этноспорттық бәсекелер бар.