Қазақстан колледждері атом энергетикасы, дрон құрастыру бойынша мамандар даярлай бастайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Атом энергетикасы мамандарын дайындауда Венгрия тәжірибесін енгізу, сондай-ақ IT және дрондарды құрастыру саласында Қытай тәжірибесін қолдану жоспарланып отыр», – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есе артады. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын колледждерге қамқорлық көрсетіп отыр, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу көзделуде.
Сонымен қатар, Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау және дамыту мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылатыны атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін АЭС құрылысы бойынша төрт компаниямен диалог аяқталған болатын.
"Росатом" мемлекеттік корпорациясы KHNP (Корея), CNNC ( Қытай) және EDF (Франция) компанияларымен қатар Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енді.
2025 жылғы 21 қаңтарда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар тендерге қатысушылардың ұсыныстарын бағалауға бағытталған келіссөздер сериясының соңғы кезеңі болды.
Бұған дейін, 2024 жылдың қазанынан желтоқсанына дейін Корея Республикасына, Франция Республикасына және Қытай Халық Республикасына осындай сапарлар болған.