Қазақстан футбол клубтары төрешілерге қарсы мәлімдеме жасады

Қазақстан футбол клубтары төрешілерге қарсы мәлімдеме жасады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанның бірқатар футбол клубтары төрешілік жүйедегі әділетсіздікке байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров атына ұжымдық үндеу жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәлімдемеге 15 клубтың басшылығы қол қойған. Олардың қатарында Астана, Атырау, Алтай, Елімай, Жетісу, Жеңіс, Ертіс, Каспий, Қайсар, Қызылжар, Ордабасы, Тобыл, Ұлытау, Тұран және Тараз бар. Ал Ақтөбе, Қайрат және Оқжетпес үндеуге қосылмаған.

Клуб өкілдері чемпионаттағы төрешілік мәселесіне қатысты алаңдаушылықтарын ашық жеткізген. Үндеуде маусым бойы төрешілердің жүйелі әрі қайталанатын қателіктері кездесіп жатқаны, олардың матч нәтижесіне және турнир кестесіне тікелей әсер ететіні айтылған.

«Бұл енді жекелеген эпизодтар мәселесі емес — бұл төрешілікке деген сенім дағдарысы», – делінген ұжымдық хатта.

Футбол клубтары бірнеше негізгі мәселеге назар аударған. Атап айтқанда:

  • төрешілер жұмысын бағалаудың ашық жүйесінің болмауы;
  • матч нәтижесіне әсер еткен өрескел қателіктердің ескерусіз қалуы;
  • клубтармен байланыстың жоқтығы;
  • жалпы төрешілік институтына деген сенімнің төмендеуі.

Клуб өкілдері футболға үлкен инвестиция құйылатынын атап өтті. Олардың айтуынша, матч тағдырын ойын емес, түсініксіз әрі даулы шешімдер анықтай бастаса, бұл спорттық әділеттілікке үлкен соққы болады.

Үндеу авторлары ең алдымен Нуну Каштру қызметінен кетуін талап етті.

Сонымен қатар клубтар төрешілер корпусының жұмысына тәуелсіз тексеру жүргізуді және арбитрлерді тағайындау мен бағалау процесінің ашық болуын сұрады.