Қазақстан экономикасы 2027-2029 жылдары 5%-дан жоғары өседі деп болжанды

Қазақстан экономикасы 2027-2029 жылдары 5%-дан жоғары өседі деп болжанды
pixabay.com

Қазақстан Үкіметі 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Базалық сценарий бойынша осы кезеңде ел экономикасының нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп күтілуде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Экономикалық өсімнің негізгі драйвері мұнайдан тыс секторлар болмақ.

Өңдеу өнеркәсібінің өсімі тау-кен өндірісіне қарағанда жоғары болады деп болжанған. Негізгі үлесті металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия және тамақ өнеркәсібі қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығында жыл сайынғы орташа өсім кемінде 5% деңгейінде күтіледі.

Құрылыс саласының өсімі 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл көлік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жобалары есебінен қамтамасыз етілмек.

Қызмет көрсету саласында сауданың жыл сайынғы орташа өсімі 5,7%, көлік және қоймалау саласында 10,4%, ақпарат және байланыс саласында 9,2% болады деп болжанып отыр.

Сыртқы сауда балансы оң күйінде сақталады. Тауар экспорты 2027 жылғы $82,8 млрд-тан 2029 жылы $88,5 млрд-қа, ал импорт $80,5 млрд-тан $88,4 млрд-қа дейін өседі деп күтілуде.

Инфляция 2027 жылы 7,5-9,5%, ал 2028-2029 жылдары 6-8% деңгейінде болжанған.

Бюджет кірістері де кезең ішінде өседі деп күтілуде. Республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңге, 2028 жылы 21,7 трлн теңге, 2029 жылы 23,4 трлн теңге болады деп болжанған.

Бұл ретте бюджет тапшылығын біртіндеп азайту көзделіп отыр. 2027 жылы оның көлемі ЖІӨ-нің 2,3%-ын құраса, 2029 жылға қарай 0,4%-ға дейін төмендеуі тиіс.

Ұлттық қордың валюталық активтері де өседі деп болжануда. 2027 жылы оның көлемі $65,2 млрд, ал 2029 жылы $70,6 млрд болады деп күтіледі.

Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын қолдау ұсынылды.