Қазақстан екінші олимпиада қатарынан бокстан алтынсыз қалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Күні кеше боксшы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Оралбай финалда украиналық Александр Хижняктан жеңіліп қалды.
80 келіге дейінгі салмақта өткен шешуші шайқаста Нұрбек барын салды. Ол қорғанып жүріп, украиналықтың қапысын табуға ұмтылды. Раунд сайын төрешілердің есебі бөле жарылып отырды. Жекпе-жек қорытындысында Хижняк жеңіске жетті.
Фото: olympic.kz
Нұрбек Оралбай Қазақстан ерлер құрамасы сапында жүлдеге іліккен жалғыз боксшы. Ол өзі қатысқан алғашқы Олимпиадада күміс жүлдегер атанды.
Бұл салмақта Александр чемпион, Нұрбек күміс алды. Қоланы Кристиан Хавьер Пиналес (Доминикан Республикасы) пен Арлен Лопес Кардона (Куба) иеленді.
Сонымен қатар, бокстан Қазақстан командасының мүшесі Назым Қызайбай Париж Олимпиадасында ел қоржынына қола медаль салды. 50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді.
Фото: olympic.kz
Осылайша Қазақстан 2024 жылғы жазғы олимпиада ойындарына бокстан екі медаль: күміс және қоламен қайтты.
Айта кетейік, 2020 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада да қазақ боксы үшін сәтсіз болды. Сол жылы Қазақстан бокстан екі қола медаль (Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев) алды.
Ал 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында боксшы Данияр Елеусінов Қазақстанның қоржынына алтын медаль салған болатын.
Бұған дейін белгілі саясаткер, мемлекет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшан Қазақстандағы бокстың жай-күйіне байланысты пікір білдірді. Кеңес Одағы кезінде бокстан гүрзі жұдырығымен қарсыластарын талай мәрте сұлатып түсірген ардагер спортшы елдегі спорт ахуалын сынап тастады.
Оның сөзінше, қазіргі таңда елдегі спорт саласы айтарлықтай ақсап тұр. Мұның басты себебі ретінде ол басшылықты тәжірибесі жоқ біліксіз мамандардың жайпап алуымен байланыстырды.
“Париж Олимпиадасына байланысты көптеген пікір айтылуда. Осы саланың айналасында жүргендіктен, маған Қазақстандағы, соның ішінде қазақтың ұлттық спортына айналған бокстың ахуалына байланысты сұрақтар жиі келеді. Шындығына келгенде, кейінгі кезде спортты басқаратын министрлікте, кабинеттің төрағалығында әртүрлі жағдаймен спорттан еш хабары жоқ, жалпы спортты өзінің кәсіби мамандығы ретінде қарайтын жанашыр азаматтар басқармады. Соның кесірінен соңғы 5-6 жылда спорт деңгейі қатты төмендеп кетті. Оған себеп мәдениет және спорт министрлігін бір арнаға тоғыстырып, бір министрлік етуі деп айтар едім. Бұл кезде мен де қызметте жүргенмін. Спорт министрлігіне музыканттар келгендіктен, жиналыстың 90 %-ы мәдениет саласына байланысты өтетін, ал спорт туралы әңгіме тек 10 %-ын құрады. Сол кезде-ақ спорт құрдымға кеткен еді. Одан кейін министр болған Абаев секілді жеке басының қамын ойлаған азаматтар спортты тіптен құртып кетті.
Бүгінгі таңда бұл саладан қол үзгендіктен, спорт министрлігінің қаншалықты шашырап-тарап кеткенін, біздің спорттың бір жүйеге келген-келмегенінен, қандай дайындық жүргізіліп жатқанынан хабарсызбын. Мәселен, сол баяғы 100-ден астам спортқа ақша бөліп, Олимпиадаға осынша спорттың түрінен бардық деп, бос ауаны айналдырып жатыр ма, жоқ па, оны да білмедім.
Дегенмен біз көрші елдерді алып қарайтын болсақ, алысқа бармай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанға көз тастасақ, спорт саласында жақсы деңгей көрсетіп келеді. Әсіресе, бізге бәсекелес болған Өзбекстанның өзі сол 30-35 спорт түрінің ар жақ бер жағында Олимпиадаға дайындық жасайды. Менің ойымша, бұл өте дұрыс бағыт. Барлығын қамту міндетті емес. Бізге де осы кәсіби медаль алып келе алатын әрбір аймақ пен облыстарда өздеріне қалыптасып қалған спорт түрімен ғана Олимпиадаға дайындық жасап, соған көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Оның ішінде футболды атап өтуге болады. Мен оны енді талдап айтпай-ақ қояйын”, - деді Тшанов.
Спорттың қазіргі жағдайына шүйліккен мемлекет қайраткері, үлкен додада өнер көрсетіп жүрген боксшыларды да сынап тастады. Айтуынша, көзінде оты жоқ спортшылар бокстың негізгі әдістерінен ада қалған.
“Ал енді маған қазір бокс туралы көп сұрақ қояды. Өте дұрыс. Мен бұрынғы боксшы есебінде, Кеңес Одағы кезінде спорттың жалпы құрылымы, соның ішінде бокс саласы өте жоғары дәрежедегі спорт түрі болды деп айта аламын. Себебі ол кездегі бокс қолғабы кішкене аттың қылынан жасалған кәсіби қолғап еді. Онда бокс кезінде соққыңыз дөп тиетін болса, нокаутқа түсіреді немесе нокдаун болады. Бірде бір жарыс нокдаунсыз өтпейтін еді.
Ал қазіргі бокста күш-жігер сезілмейді, не нокдаун да болмайды. Сондықтан бокс қызығушылығын қатты жоғалтып алды. Оны мен кәсіби боксшы ретінде айтамын. Біз кезінде техникаға ерекше көңіл бөлетін едік. Себебі бокстың ең негізі әдісі – аяқпен жүру. Аяқтың қозғалысы арқылы көптеген соққыдан қорғануға болады. Ал қазір осыған ұқсас көптеген қозғалыс ұмытылды. Бокс жай ғана төбелеске айналды. Арнайы техника жоқ. Сондықтан біз спорттың бұл бағытын жоғалтып алдық”, - дейді ол.
Оның айтуынша, егеменді ел болғалы мысы мен мінезі басым спортшыларымыздан көз жазып қалдық.