Абай облысы Аягөз ауданының әкімі болып қазақ күресінен "Қазақстан барысы" атанған Айбек Нұғымаров тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент әкімшілігінің, Аягөз ауданы Мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Нұғымаров тағайындалған.
"Айбек Серікболұлының тәжірибесі жеткілікті. Осы уақыт ішінде өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қасиетін таныта білді. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Аягөз ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін", – деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.
Ол Абай облысы Абай ауданы Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын дене шынықтыру, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастады. Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті.
Алты жылдан аса уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.
Спорт саласында да бірқатар жетістікке жеткен. 2013 жылы "Қазақстан барысы" атанды.