– Қолданыстағы заңнамаларда бiр тұлғаға жалға берiлетiн жердiң шектi мөлшерi бекiтiлмеген. Жердi конкурсы арқылы жалға берудің жалпы ережесі қолданылып жүр. Онда ашықтық пен жариялылық толығымен қамтылмаған. Сол себептен жергiлiктi халық жер бөлудегi iс-әрекеттерге сенiмсiздiк танытуда. Осыған байланысты заң нормаларына ұсыныстар енгiзудi қарастырып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық жерлерiн 49 жылға дейiн мерзiмге берудi сақтай отырып, оған кеңiнен мониторинг жүргiзу қарастырылады. Осылайша, жердi нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану, топырақтың құнарлығын сақтау және ластануға жол бермеу, жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу, айналасындағы жер пайдаланушылардың құқығын бұзбау, жердi тиiмдi және ұтымды пайдалану қамтамасыз етiледi, – деп баяндады Е.Нысанбаев.
Бұл ұсынылған нормаға сәйкес, мониторинг бiрiншi бес жылдықта жыл сайын, келесi кезеңдерде әрбiр 3,5,7 жылдарда жүргiзiледi.
– Келесi ретте, Жер кодексiне ауыл шаруашылығы жерлерiн жалға беру тәртiбiн регламенттейтiн жаңа 43-бап енгiзу ұсынылады. Аталған бапта ауыл шаруашылық жерлерiн пайдалануға берудiң ерекшелiктерi анықталатын болады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерi тек конкурстық негiзде ғана берiледi және оған байланысты конкурсты ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi туралы ереженi орталық уәкiлеттi органдар бекiтетiн болады. Ашықтық пен жариялылықты кеңiнен қолдану мақсатында жер бөлу жөнiндегi конкурс комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен бiрлестiктер және ұлттық кәсiпкерлер палатасының өкiлдерi енгiзiледi. Осы аталған ұсыныстар жер кодексiнiң 43-бабына толықтыру арқылы енгiзiледi, – дедi ол.
Вице-министр атап өткендей, қолданыстағы заңнамалық нормаларға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерiн беру жалпы конкурс тәртiбiне сәйкес жүргiзiлiп келедi. Сөйтiп, жалға беруде жариялылық толық қамтылмай отыр.
– Осыған орай ауыл шаруашылығы жерлерiн конкурс арқылы берудi ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн белгiлеу ережесiнде, бiрiншi, конкурс өткiзудегi әкiмдiктердiң қадамдық iс-әрекеттерiн нақтылау қарастырылады. Екiншi, конкурс өткiзудiң нақты мерзiмдерiн белгiлейдi. Конкурсқа байланысты хабарлама берудi қарастырып, облыс көлемiндегi әрбiр аудан мен аудандағы шаруашылық субъектiлерiн хабардар ету мәселесi қаралады. Қазiргi кезде ауыл шаруашылығы жерлерiн жалға берудегi бiрыңғай үлгiлiк шарттың нысаны бекiтiлмеген. Ол өз кезегiнде жердi тиiмдi және ұтымды пайдалануға бағытталған талаптарды толығымен қамтымайды. Сондықтан жердi жалға берудiң жаңа үлгiлiк шарттың нысанасын бекiту ұсынылады. Бұл үлгiлiк шартта жердi тиiмдi пайдаланудың талаптары нақтыланып, жердi пайдаланушылардың мiндеттерi мен құқықтары анық белгiленедi, – дедi Е.Нысанбаев.
Келесi мәселе – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi беруде олардың шектi мөлшерiн белгiлеу. Қолданыстағы заң нормаларында қазақстандықтарға жалға берiлетiн ауыл шаруашылығы жерлерiнiң жоғары мөлшерi белгiленбеген.
– Бұл жағдайлар бiр қолға жердiң iрi көлемде шоғырлануына әкеп соқтырып отыр. Сондықтан жалпы республика және әрбiр облыстың аудандары бойынша қазақстандықтарға жалға берiлетiн учаскелердiң жоғарғы шек мөлшерiн белгiлеу ұсынылады. Оны белгiлеу үшiн бiрыңғай әдiстеме әзiрлеу қажет. Бұл әдiстемеде аймақтардың жергiлiктi жағдайлары мен ерекшелiктерiн ескеретiн және ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлерi бойынша бiрқатар көрсеткiштер қамтылуы тиiс, – дедi Е.Нысанбаев.
Айта кетсек, Астанада Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырысы өтiп жатыр. Бұған дейiн комиссияның елордада үш, Ақмола, Алматы және Қызылорда облыстарында үш көшпелi отырыс өткен едi. Бүгiн комиссия мүшелерi маңызды мәселелердi талқылап алып, келесi аптадан тағы өңiрлерге шығады.
Айымгүл ӘБІЛЕВА