2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ауасының ластану деңгейі жоғары елдердің қатарына енді. IQAir рейтингінде еліміз 29-орынға тұрақтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстандағы PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы текше метріне 23,4 микрограмды құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде айтарлықтай өсіп, шамамен 55%-ға артқан. Мәселен, 2024 жылы PM2.5 деңгейі 15,1 мкг/м³ болған.
Орталық Азия елдерінің ішінде жағдай Қазақстаннан да күрделі мемлекеттер бар. Тәжікстан әлемдік рейтингте 3-орынға жайғасса, Өзбекстан 10-орыннан, Қырғызстан 19-орыннан көрінді.
Қазақстандағы ауасы ең ластанған қалалардың бірі ретінде Қарағанды аталды. Онда PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы текше метріне 72,6 микрограмға жеткен. Сонымен қатар жоғары көрсеткіштер Алматы, Астана, Өскемен және Теміртау қалаларында да тіркелген.
Сарапшылар ауа сапасының нашарлауына көлік құралдарынан шығатын газдар, көмір жағу, өндірістік және жергілікті шығарындылар, сондай-ақ топырақ пен шөлден көтерілетін шаң себеп болып отырғанын айтады.