Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдік ондыққа кірді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Вице-министр Ермек Кенжеханұлының айтуынша, елімізде май саласы азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі бағыттарының бірі. Соңғы жылдары майлы дақылдар себілетін алқап көлемі екі есе өсіп, 3,9 миллион гектарға жеткен. Өңдеу көлемі 12%-ға артып, 700 мың тоннадан асқан. Ал экспорт 29%-ға өсіп, 582 мың тоннаны құрады.
"Өңдеуге инвестицияларды субсидиялау, айналым қаражатына қолжетімділікті қамтамасыз ету саланың тұрақтылығын арттырып, кеңеюге жағдай жасады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдік ТОП-10 ел қатарына енді, Еуроодақ елдеріне күнбағыс шроты жеткізу бойынша үшінші орынға шықты. Біз Орталық Азияны толық көлемде күнбағыс шротымен және күнжарамен қамтамасыз етіп отырмыз. Салада әлі де үлкен әлеует бар", — деді Кенжеханұлы.
Ғылыми негізделген жоспарға сәйкес, майлы дақылдар егіс алқабы 5 миллион гектарға дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл Қазақстанға күнбағыс майын экспорттайтын әлемнің алғашқы үш елі қатарына кіруге мүмкіндік береді.
2026–2028 жылдарға арналған май өнімдері экспортының даму жөніндегі жол картасы Астанада таныстырылды. Шараға өндірушілер, өңдеушілер, экспорттаушылар, салалық қауымдастықтар мен халықаралық серіктестер қатысты.
"Құжаттың басты мақсаты — саланың экспорттық әлеуетін 1 млрд доллар деңгейіне жеткізу, сату нарықтарын кеңейту және жоғары қосылған құны бар өнімдерді терең өңдеуді ынталандыру", — деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар Жол картасының іске асырылуын үйлестіру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту үшін мемлекеттік-жекеменшік платформа құру туралы шешім қабылданды.
