Қазақша баяндама? Бүгін емес қой енді...

Dalanews 27 ақп. 2018 10:15 782

Елбасы кеше ғана Үкімет пен Парламенттің қазақ тілінде өтуі тиіс екенін айтқан болатын.

Осы орайда бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысын тек қазақ тілінде жүргізуге тырысқанымен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ғана орысша баяндама жасап, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орыс тілінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Үкіметтің бүгінгі отырысында инвестиция тарту мәселесі, орта білім беру ұйымдарының жаңартылған мазмұнға көшуі, Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы қаралды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндамасын тек мемлекеттік тілде жасаса, бүгін ғана сөгісі алынып тасталған Энергетика министрлігі тек қазақша сөйледі. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, «Бәйтерек» холдингі мен «KazakhInvest» компаниясының басшылары да министрлердің үрдісін жалғастырды.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин орысша баяндама жасады.

Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев болса баяндамасын қазақ тілінде айтып, орысша түсініктеме берді. Отырыс аяқталған соң Үкімет кулуарында министр келесі жолы тек 100% қазақ тілінде сөйлеуге уәде етті.

«95 пайыз қазақша болды, енді қазір оның бәрін жасап жатырмын. Келесіде 100 пайыз қазақша, келістік пе? Келістік», - деді ол.

Журналистер министрден тек мемлекеттік тілде баяндама жасау қиын ба деп сұрады.
«Ол бүгінгі күннен басталмайды ғой. Келесіде 100% қазақша болады, келістік пе?», - деді ол.

Журналистер Әділет министрі Марат Бекетаевтан «қазақшасының қалай» екенін сұрады.

Министр: «Өздерің көргендей үйреніп жатырмын», - деп жауап берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар