«Қазақмыс» жерасты техникасын жаңартып, қауіпсіздікті күшейтуде

«Қазақмыс» жерасты техникасын жаңартып, қауіпсіздікті күшейтуде
KazakhMys

«Қазақмыс» корпорациясы жерасты техникасы паркін жаңарту жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Q.I.Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi «Батыс» кенішіндегі №67 шахтаның төртінші учаскесіне жаңа Sandvik DS511 бұрғылау қондырғысы жеткізілді.

Жаңа техника анкерлік бекітпелерді орнату және бекіткіш торды монтаждау кезінде теспелерді механикаландырылған әдіспен бұрғылауға арналған.

Sandvik DS511 учаскеде бұрын қолданылған бұрғылау қондырғысының орнына келді. Машина «Қазақмыс» талаптарына сәйкес қосымша техникалық шешімдермен жабдықталған.

Жаңа техниканың негізгі ерекшеліктерінің бірі бекіткіш торды ұстап тұратын қосымша құрылғының орнатылуы болды. Бұл тау-кен қазбаларын бекіту кезінде жұмыстың бір бөлігін механикаландырып, жұмысшылардың физикалық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Қауіпсіздікке қатысты тағы бір шешім ретінде машина «Eclipse» орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар қосымша камералар жұмыс аймағын 360 градусқа дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Sandvik DS511 көлемі 4,5 литрлік Cummins дизельді қозғалтқышымен жабдықталған. Техника жерасты тау-кен жұмыстары жағдайында пайдалануға арналған. Оның болжамды қызмет ету мерзімі алты жылдан асады.

Машина бір жұмыс циклі барысында бұрғылау және тау-кен қазбаларын бекіту бойынша негізгі операцияларды орындауға мүмкіндік береді.

Кабина екі адамнан тұратын экипажға есептелген. Оның құрамында бұрғылаушы мен көмекшісі жұмыс істейді. Кабина қорғаныс экрандарымен, кондиционермен және жылыту жүйесімен жабдықталған.

Жерасты техникасын жаңарту «Қазақмыс» корпорациясының басым бағыттарының бірі болып отыр. Компания қолданыстағы техниканың жарамдылығын сақтаумен қатар, қауіпсіздік пен өнімділікке қойылатын қазіргі талаптарды ескере отырып, техника паркін кезең-кезеңімен жаңартып келеді.

Тамыз-қыркүйек айларында кеніштерге 14 бірлік ауыр жерасты техникасын жеткізу жоспарланған. Оның ішінде бұрғылау қондырғылары, тиеу-жеткізу машиналары және шахталық тиеу-жеткізу техникасы бар.

Sandvik DS511 қондырғысының «Батыс» кенішіне жеткізілуі осы жаңарту бағдарламасының бір бөлігі саналады.

Жерасты техникасы паркін жаңарту еңбекті механикаландыруға, жұмысшыларға түсетін физикалық жүктемені азайтуға және өндірістік операцияларды қауіпсіз әрі тиімді орындауға бағытталған.