Қазақмыс шахтада қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетеді?

Көркем Алдабергенова 18 ақп. 2025 09:37 1056

Қазақмыс Ұлытау облысындағы шахтада қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақмыс ұжымдық келісімшартта көзделгендей, Жомарт кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді.

Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында шахта опырылып, жеті қызметкер қаза тапқанын хабарлаған едік

Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Бүгін құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты. 

Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та үзілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

Бұл дерекке қатысты Полиция департаменті мәлімдеме жасады. 

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар