"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС сирек кездесетін жер металдарының шығарылуы туралы ақпаратқа ресми үн қатты. "Өз қызметімізді заңнама талабына сай жүргіземіз" деп дабыл қаққан компания депутат Перуашевтың айыптауын жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақмыс" өкілдерінің айтуынша, компанияның негізгі өндірістік бағыттары катодты мыс, тазартылған алтын мен күміс, сондай-ақ күкірт қышқылы өндірісіне негізделген. Кен мен концентраттарды өңдеу барысында барлық шикізат белгіленген нормативтерге сай қатаң бақылаудан өтеді.
"Қазақмыс" мәліметінше, мыс концентратын экспорттау қажет болған жағдайда шикізат толық химиялық талдаудан өтеді. Бұл зерттеулер зертханалық зерттеулер мен сертификаттау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – SGS Қазақстанда жүргізіледі. Сонымен қатар шикізатты экспорттау қатаң мемлекеттік бақылауға алынған. Бұған Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде міндетті лицензиялау және кеден заңнамасының барлық талабын сақтау кіреді.
Компания сирек кездесетін жер металдарын мақсатты түрде өндірмейтінін мәлімдеді.
"Сирек металдар өндірісіміздің негізгі бөлігі емес. Олардың аз мөлшері күкірт қышқылы мен қымбат металдар өндірісінің қалдықтарынан ғана алынады", – деп түсіндірді "Қазақмыс" өкілдері.
Осы өндірістік қалдықтар мемлекеттік "Жезқазғансирекмет" РМК және жаңадан құрылған "Қазақмыс Прогресс" ЖШС кәсіпорындарында өңделеді. "Қазақмыс Прогресс" компаниясы Қазақстандағы шикізатты терең өңдеу және қайта өңдеу деңгейін арттыру үшін стратегиялық маңызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде Қазақстанды әлемдік қымбат және сирек металдар нарығында тәуелсіз ойыншы ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.
Компания өз қызметінде ашықтық қағидатын ұстанатынын және барлық операцияның уәкілетті органдар тарапынан қатаң бақыланатынын атап өтті. "Қазақмыс" минералды шикізат экспортына мемлекеттік бақылауды күшейту бастамасын қолдайтынын және бұл мәселеде мемлекеттік органдармен ашық диалогқа дайын екенін мәлімдеді.
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС сирек кездесетін жер металдарының құрамын жасыру немесе экспортталатын шикізаттың құнын жасанды түрде төмендету туралы айыптауларды жоққа шығарады. "Компания кез келген тексерулер жүргізу үшін мемлекеттік органдармен ынтымақтастыққа дайын", – делінген ресми мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін "Ақ жол" партиясы сирек жер металдарын игеруде ұлттық мүддені қорғау керегін мәлімдеген еді.
Қазақстанда сирек жер металдарының, оның ішінде жоғары технологиялық өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар лантан, церий, иттрий және басқалардың айтарлықтай қоры бар.
Сирек жер металдары жаһандық экономикадағы «жаңа мұнайға» айналып, олардың болуы әлемдегі күштер тепе-теңдігіне әсер етуін арттыруда. Бұл ресурстарды бақылау үшін күрес күшейіп келеді.
Сарапшылардың пікірінше, сирек жер металдарына әлемдік мұқтаждық жылдан-жылға ұлғайып, олардың кейбіріне деген сұраныс таяу жылдары 40 есеге дейін артуы мүмкін; 2030 жылға қарай бұл нарық жылына 10 миллиард доллардан асады деп болжануда.
Еліміздің басшылығы бұл ресурстардың маңыздылығын жоғары бағалайды. Мәселен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев: «Біздің еліміздің сирек және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеудің әлеуеті зор, бұған әлемде сұраныс артып келеді. Бұл шетелдік инвесторларға да, отандық бизнеске де назар аудара отырып, осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз керек дегенді білдіреді».
Бұл бұйрықтың өзектілігін отандық ірі жер қойнауын пайдаланушыларының сирек жер ресурстарына деген адал емес, тіпті күдікті әрекеттері туралы баспасөздегі хабарлар да көрсетеді.
Атап айтсақ, әлеуметтік желіде «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы лаборанты Бақыт Әділованың аталмыш Корпорацияның химиялық сараптама жүргізбестен, құрамында бағалы және сирек жер металдары бар кен мен мыс концентратын шығарып жатқандығы жөніндегі ақпараты тарады.
Оның пікірінше, сол арқылы компания оның құнын жасанды түрде төмендетіп, олигархтар пайдасы үшін ұлттық экономикаға зиянын тигізуде.
Геология саласының тағы бір сарапшысы кен және концентраттар экспортына зертханалық талдау жасамай-ақ, тау-кен алпауыттары ондаған жылдар бойы бағалы және сирек жер металдарының шетелдік өндірісі үшін шикізатты сыртқа шығарып келгенін айтты (аталған басылымдарға сілтемелер қоса берілген).
Соның салдарынан құны жыл сайын артып келе жатқан бұл ресурстарды бақылаусыз сыртқа шығарудан Қазақстанға келген шығынды есептеу де мүмкін емес.
Жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі екендігін нақтылаған Конституцияның жаңа редакциясын ескерсек, бұл жағдайдың сұрақтар туғызуы әділетті.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы талап қойды:
1. Тау-кен өндіруші компаниялар Қазақстаннан шетелге шығаратын кен мен концентраттарды талдауға қойылатын талаптардың жоқтығы туралы ақпаратты растау немесе жоққа шығару;
2. Аталған мәдіметтер шындыққа сәйкес келмейтін болса, компаниялар мен саланың беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа шағымдану;
3. Кендер мен концентраттардың химиялық құрамын талдаусыз сыртқа шығару фактісі расталған жағдайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеп-тексеру амалдарын жүргізу, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тарту және келтірілген зиянды өтеу шараларын қолдану;
4. Құрамында сирек жер және бағалы металдар бар минералды шикізат экспортына кедендік бақылауды күшейту, қажет болған жағдайда бақылау жүйесін мамандандырылған зертханалармен жабдықтау.
5. Президенттің елімізде сирек кездесетін металдарды заңды түрде өндіру және өңдеу туралы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету.