Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider ойынының әзірленуіне қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Жобаға бюджеттен 239 миллион 888 мың теңге бөлінген. Қазір істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қарап жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте ведомствоның аталған органдарға арнайы өтініш жолдағанын мәлімдеген.
"Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша сот шешімі немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты шешім қабылдануы мүмкін", - деді министр.
Оның айтуынша, бұдан кейінгі шешім ҰҚК мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің құзыретінде.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылы министрлік қазақ тілін үйретуге арналған ойынды әзірлеу үшін "United Kingdom" ЖШС-мен 268,6 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Кейін ведомство қоғамда туындаған сауалдарға байланысты жобаның құны мен форматына түсініктеме берген.
Steppe Rider жарыққа шыққаннан кейін қолданушылар ойынның техникалық сапасына сын айтты. Атап айтқанда, қосымшаның жиі тұрып қалатыны, басқару жүйесінің қолайсыздығы және ойын барысына қатысты түсіндірменің жеткіліксіз екені айтылды.
Қазақ тілін үйретуге арналған жобаға қатысты жүктеу көрсеткіштері де күмән туғызды. Ашық деректерде ойынды санаулы адам ғана жүктегені көрсетілсе, министрлік өкілдері оның 30 мыңнан астам рет жүктелгенін мәлімдеген. Сондай-ақ ведомство Қазақстанмен қатар Ресей мен Еуропадағы пайдаланушылардан оң пікір түскенін хабарлаған.
Жоба сынға ұшырағанына қарамастан, кейін оны еліміздегі оқытушылар мен білім алушыларға жүктеу ұсынылған. Вице-министр Динара Щеглова қол қойған құжатта білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне Steppe Rider ойынын жүктеу жөнінде өтініш айтылған.