Алакөлдің емдік қасиеті бар суы Кеңес Одағы кезінде ғарыш сапарынан соң ғарышкерлердің медициналық қайта қалпына келтіруінің бірден-бір кезеңі ретіне пайдаланылғаны белгілі.
Кездесуге қатысқан Қазақстанның Халық қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, ғарышкер Сенат депутаты Талғат Мұсабаев, кеңес ғарышкері, Кеңес Одағының батыры Анатолий Арцебарский, Қазақстан және Ресей ғарышкері, полковник, Қазақстанның Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының қаһарманы Юрий Маленченко Алакөлдің қасиетіжайында әңгімелеп берді.
– Алакөлдің суын қазақтың батырлары ерте заманнан бері жоңғарлармен шайқастан кейін емделу үшін қолданған деген аңыз бар. Кейбірінің айтуынша, осы аймақта әлсіреген және жарақаттанған жауынгерлерін емдеу үшін Шыңғыс хан түмендерімен келіп отырған. Осы аңыздардың барлығын кеңес ғарышкерлерінің ғарыш радияциясынан тазару мен сапардан кейінгі медициналық қайта қалпына келтіру кезеңдерінің бірін Алакөлде өткізгені туралы тарихи деректер растайды десе болады, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мурзамадиева.
Ертеде ғарышқа сапардан кейінгі қайта қалпына келтіру шаралары көлдің шығыс жағалауында өткізілгені белгілі.
Бірақ, осы жолы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы Алматы облысының әкімдігі қолдауымен ғарыш ардагерлеріне көлдің оңтүстік жағалауын көрсетуді қолға алған.
– Біз бұл шараны ғарышкерлердің Алакөлге бару салтын қайта жаңғырту үшін ұйымдастырып отырмыз. Тарихи деректер бойынша олардың ғарышқа сапардан кейінгі қайта қалпына келтіруі Шығыс Қазақстан жағындағы жағалауда өтсе де, осы жолы біз ғарышкерлерге Алматы облысындағы жағалауды көрсеткіміз келді, – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ақпаратты-сараптамалық департаментінің директоры Батыр Қонақбаев.
Ғарышкерлердің бағдарламасы сауықтыру процедураларын, СПА және белсенді демалыс түрлерін қамтиды.
– Құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементері бар Алакөлдің емдік суы тері және тірек-қимыл жүйесімен байланысты ауруларды емдеуге, жүйке жүйесі мен ағзаның жалпы күйін жақсартуға әсер етеді, – деп толықтырып өтті Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.
Ғарышкерлердің айтуынша шипажайлық-курорттық сауықтыру олардың кәсіби қызметін жалғастыру үшін қажетті және ғарыш сапарынан кейінгі қалпына келудің қорытынды кезеңі болып табылады.