Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, белгілі балет әртісі, хореограф және педагог Эдуард Мәлбеков дүниеден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтты.
Эдуард Жабашұлы саналы ғұмырын өнерге арнап, отандық балет өнерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Оның есімі қазақ хореографиясының тарихында ерекше орын алады.
Өнер жолында ол «Спартак», «Бақшасарай бұрқағы», «Жизель», «Аққу көлі», «Дон Кихот», «Махаббат туралы аңыз», «Кармен-сюита» секілді белгілі қойылымдарда басты партияларды орындады.
Сахнадағы қызметімен қатар Эдуард Мәлбеков хореографиялық білім беру саласында да ұзақ жыл еңбек етті. Ол бірнеше буын өнерпазды тәрбиелеп, көптеген шәкірттің кәсіби қалыптасуына ықпал етті.
Министрлік мәліметінше, оның шәкірттерінің бірқатары бүгінде Қазақстанда және шетелде отандық балет өнерін танытып жүр.
Эдуард Мәлбеков кәсіби шеберлігімен, талапшылдығымен, өнерге адалдығымен және шәкірттеріне деген қамқорлығымен ерекшеленген.
«Эдуард Жабашұлының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген елеулі еңбегі туған-туыстарының, әріптестері мен шәкірттерінің, барша өнерсүйер қауымның жадында мәңгі сақталады», – делінген министрліктің көңіл айтуында.