Қазақ Әблязовті қолдай ма?

Dalanews 19 сәу. 2017 05:58 744

Мұхтар Әблязовті көп болды бақылап жүргенімізге. Əрине, сырттай. Алыстан. Əлеуметтік желідегі жазбаларына қарап психологиялық портретін жасап қойғанбыз, өзімізше. 


Мұхтар қазіргі Қазақстан билігімен əлеуметтік желі арқылы күресуге көшкен сыңайлы. Бəлкім, біржолата. Бəлкім, уақытша. Кім білген. Қазіргі жүйенің былықтарын əшкерелеу жағынан Әблязов алда келеді, əйтеуір. Күні кеше абақтыдан босаған ол жүйенің жанды жеріне тиетін жазбаларын күнбе күн жариялап жүр. 


Осылардан (жазбалардан) не ұқтық? Біріншіден ,ол жүйені төңкермей тынбайтынын аңғартып отыр. Бұған біржолата бекінген. Тас түйін сайланған. Оның сценарийі бойынша саяси күрестің соңы қазіргі жүйенің күйреуімен аяқталуы тиіс. 




Ол өзін осы жүйенің көзі тірі жалғыз оппоненті санайды, өйткені. Өзіне осындай миссия жүктелген деп есептейді. 



Екіншіден, Қазақстанды толық өзгерткісі келеді. Президенттік билікті біржолата шектеп, шын мəніндегі парламенттік мемлекет құрмақ. Жемқорлықты тамырымен жұлып, əділ сайлау, əділ таңдауға жол ашпақ. Шенеуніктердің шетелге тасыған ақшасын халыққа қайта қайтарып, сөз бостандығы үшін  күресетіндерге кеңшілік бермек. Тағы не? "Қазақстанның барлық сəтсіздіктері мен бақытсыздықтарына қазіргі жүйе кінəлі" дейді ол. 


Оның арманы ұланғайыр. 


Обалы не керек, біраз кемшілікті көре білген ол орынды дүниелер айтып отырғаны да жасырын емес. Мұхтар таза демократ. Мұны да мойындау керек. 




Бірақ бұл үшін ол билік басына келу керек қой?.. Дəл осы арада оның дүниетанымы қазақ халқының мемлекетке, тілге, ділге қатысты ұстанымымен ұштаса ма деген сауал туындайды. Ұштаса ма, шынымен?



Жоқ. Өкінішке орай, жоқ. Ұштаспайды. Оның жазбаларында қазақ туралы бір ауыз сөз жоқ.  Бар болған күннің өзінде керағар. Қазақтың мүддесіне қайшы. Қайшы болмаса да, сəйкеспейтін сəттері көп. 


Мұхтар тіл білмейді. Мемлекеттік тілге қатысты көзқарасы түзу екеніне күмəніміз көп. Күні кеше латын тіліне қарсы шықты. Қазақ тіліне қатысты əлеуметтік желіде жазылған жазбаларының бірінде тіл үйренгісі келмейтіндердің таптаурын пікірін қайталады.
Мұхтарға тіл керек емес, анығы. Сол сияқты қазақ мəселесі де Әблязовты соңғы кезекте мазалауы мүмкін. Ол қазақтан сондай алыс адам. Ендеше оның билікке келуінен қазаққа қандай пайда бар? Иə, ол – демократ.


Сергей Дуванов та сондай. Ендеше, Сергейді неге билікке əкелмейміз? Ол да – демократ. Ол да жүйені жамандайды. Президенттік билікті жек көреді. Кемшілігін бетіне басады. Дуванов та жөні дұрыс дүниелерді айтады, анығында. Бірақ, қазаққа қатысты дүниелерді ешқашан қолдаған емес ол. Ешқашан. Дуванов қандастарын қазақша сөйлеуге шақырды дегенді естімеппіз. Шақырмайды да. 


Ендеше, билікке Әблязов келді не, Дуванов келді не, қандай айырмашылық бар? Айырмашылық жоқ. 


Əрине, əзіргі жүйе де қазақ мүддесіне бас қатырып жатқаны шамалы. Аңғарған адамға анық байқалатын бір бетбұрыс бар, бірақ.




Бір кездері "қара тізімде" жүрген тұлғалардың мемлекеттік арналардан төбе көрсетуі, Елбасының елдің ертеңгі күніне арналған құжатты Ресейдің газетінде емес, "Егемен Қазақстанда" жариялауы, латын əліпбиі, кешегі Сағынтаевтың сөзі биліктің қазақтілді сегментпен санаса бастағанының белгісі деп сенейік. 



Ал Әблязов туралы айтар əңгіме əлі аяқталған жоқ.  


Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар