Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды тағы қандай күдіке ілінді?

Сағыныш Сардарова 29 нау. 2024 16:05 2872

Назарбаев әулетінің тағы бір өкілі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа тергеу аяқталды. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайына қатысты істі тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысты. Антикор мәліметінше, Алматы тергеу сотының санкциясымен Гүлмира Сатыбалды қамауда отыр.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалды мен басқа адамдарды Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса" - еск.), 194-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы ("Қорқытып алу, аса iрi мөлшерде жасалса" - еск.) және 389-бабы, 4-бөлігінде ("Өзiнше билiк ету, осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер" - еск.) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасады деген күдік бойынша тергеуді аяқтады", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Tengrinews.kz-ке ресми сауалына жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдының ісі бойынша сотталушылар орындығында 7 адам болды. Олар 198-баптың 4-бөлімі 2-тармағы бойынша алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін айыпталды.

2018-2020 жылдар аралығында Сатыбалды Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын жылыту жобасы бойынша жұмыстарды орындамаған, сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырған. Сотталушылар Д. және Б. қызметтік жағдайын пайдаланып, аяқталмаған жұмыстарды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған.

Сотталушылардың іс-әрекеттері салдарынан 441 миллион теңге көлемінде залал келтіргені айтылды.

Сотталушы С. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қалған сотталушылар 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Ал 441 миллион теңге мемлекетке қайтарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар