Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчін тамашалау үшін 26-29 қыркүйек аралығында 5 мыңнан аса шетелдік қонақ келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлермен бірге жалпы көрермен саны ондаған мың адамға жетті. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы хабарлады.
Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа облыстарынан, сондай-ақ, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД және өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген.
Алматы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, матчтің экономикалық әсері айтарлықтай жоғары болмақ.
Mastercard компаниясының мәліметінше, Алматыға келген шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1 500 АҚШ долларына жетеді. Бұл қаржыға қонақүйде тұру, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен сауда кіреді.