Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев “Қайрат” футбол клубының Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне алғаш рет шығуын ел спорты үшін ерекше оқиға деп атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біз соған жеттік. Бұл – жылдар бойы атқарған еңбегіміздің нәтижесі. Қазақстан футболы Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалатын деңгейге көтеріле алатынын дәлелдедік. Біздің команда осындай ауқымдағы ойындарды байыппен, мінезбен және абыроймен өткізіп, жеңіске жете алады", – деді ол.
Боранбаевтың айтуынша, бұл жетістік академиядағы, инфрақұрылымдағы және жастарды қолдаудағы жүйелі жұмыстың ұзақ мерзімді жемісі.
"Дайын шешімді сырттан іздеудің қажеті жоқ. Егер ел ішінде өз командаңды, тәрбиеленушілеріңді, ойының стилін және мәдениетін дамыта алсаң – нәтиже өздігінен келеді. Бұл – күн сайын жұмыс істеп жүрген жүздеген жанның еңбегі: жаттықтырушылар, дәрігерлер, аналитиктер, әкімшілер, ойыншылар. Бұл – сенімнің, қажыр-қайраттың, күрделі шешімдердің жемісі. Біз мұны жанкүйерлер үшін, қала үшін, ел үшін жасадық. Өйткені Қазақстанның футбол әлеуеті зор. Еуропаның алып клубтары Алматыға келуі тиіс. Жігіттердің өз футбол арманы болуы үшін, Қазақстанды шын сүйіп қана қоймай, мақтан ететін команда болуы үшін", – деді кәсіпкер.
Еске салсақ, кеше “Қайрат” алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Рафаэль Уразбахтин баптайтын алматылық команда плей-оффта Шотландияның 55 дүркін чемпионы “Селтикті” жеңіп, тарихи жеңіске жетті.
Осылайша, “Қайрат” Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан екінші қазақстандық клуб атанды.