1 маусымда «Қазақмыс» корпорациясында аса қауіпті тәуекелдерді басқару жөнінде ұзақ мерзімді коммуникациялық науқан басталды. Жоба алты айға жоспарланған және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, өндірістік тәртіпті нығайтуға әрі жұмыс орнында қауіпсіз мінез-құлықтың тұрақты дағдысын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Науқан компанияда жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында жүзеге асырылып, барлық өндірістік бөлімшелерді қамтиды. Негізгі мақсаты – қауіпсіздік талабын әрбір қызметкерге қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізу және өндірісте жазатайым оқиғаның алдын алуға көмектесетін негізгі қауіпсіздік ережелерін баршаға түсінікті етуге қол жеткізу.
Өндірістік үдеріс пен ішкі деректерді талдау нәтижесі бойынша компания қауіпсіздік саласындағы бірқатар негізгі стандартты жаңарту туралы шешім қабылдады. Айта кетерлігі, талаптардың мазмұны өзгеріссіз қалды, алайда құжат барынша түсінікті және тәжірибеде қолдануға ыңғайлы болу үшін қайта жазылды.
Бағдарлама ай сайын жаңа тақырып форматында болады. Жабдықты жөндеу және техникалық қызмет көрсету кезінде қолданылатын негізгі қауіпсіздік стандартының бірі – қауіпті энергия көздерін оқшаулау (ЭКО) алғашқы тақырып ретінде таңдалды.
Стандарттың басты қағидасы барынша қарапайым әрі түсінікті түрде тұжырымдалған: «Бұғаттаусыз жұмысқа кіріспе».
Қауіпті энергия көздерін оқшаулау жүйесі жабдықты іске қосу құрылғысын жеке қорғаныс құлпымен міндетті бұғаттауды көздейді. Жұмысты орындап жүрген қызметкер құлыпты өзі шешпейінше, жабдықты іске қосу мүмкін емес. Мұндай тәсіл жөндеу немесе техникалық қызмет көрсету кезінде техниканың кездейсоқ қосылып кету қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
«Біздің басты мақсатымыз – ауысым соңында әрбір жұмыскердің өз отбасына аман-есен оралуына жағдай жасау. Біз тікелей әрі түсінікті коммуникация форматына көшіп жатырмыз. Компания жұмыскерлерді барлық қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етеді, алайда ереженің қайғылы жағдайдың алдын алатын тосқауылға айналуы әр адамның тәртібіне байланысты. Сондықтан корпорацияның әрбір жұмыскері қауіпсіздік талабы бұзылған жағдайда кез келген жұмысты тоқтатуға құқылы және бұл оның тікелей міндеті», – деді еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Жанбек Есмаханов.
Науқан өндірістегі оқыс оқиғалардың себебін талдауға негізделген және қауіпті энергиямен жұмыс істеу кезінде әрекет етудің нақты ережесін бекітуге бағытталған. Ол энергия көзін анықтап, толық ажыратудан бастап қалдық қысымды түсіруге және жұмысты бастар алдында энергияның бар-жоғын міндетті тексеруге дейінгі қағидаларды қамтиды.
Компания бағдарламаны іске асыру арқылы қауіпсіздіктің негізгі талаптарын күнделікті қалыптасқан дағдыға айналдыруды, ережені дұрыс түсіну қағидатын қалыптастыруды және барлық өндірістік нысанда жұмыскерлердің қорғалу деңгейін арттыруды көздеп отыр.