"Қатты күйзелдім". Желіде дау туғызған ток-шоу қонағы қазіргі жағдайын айтты

Сағыныш Сардарова 19 нау. 2024 14:06 4645

Жуырда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында "Хабар" телеарнасындағы ток-шоуға қатысты қызу пікірталас жүрген еді. Кейіпкер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал бағдарлама ұжымы әйелге ескертпестен күйеуін эфирге шақырған. Эфир қонағы Гүлмира жұртты елең еткізген оқиғадан кейінгі жағдайын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қорғау Астана" дағдарыс орталығы әлеуметтік желіде видео жариялады. Орталық жетекшісі Анна Рыль "Бірақ..." ток-шоуына қатысқан Гүлмира мықты әйел екенін, күнде жұмысына барып жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, қазір әйел балаларымен бірге орталықта. 

"Бес күн өтті, көп адам жазып жатыр, біреуі қолдап жатыр, біреуі актер деп жатыр, көп адам Гүлмира қалай және қайда екенін сұрайды. Сондықтан кішігірім видео түсіруді ұйғардық.
Айта кету керек, алғашқы екі күнде бәріміз эмоционалды түрде сынып қалдық, одан кейінгі екі күнде көп жұмыс істелді. Гүлмира психологпен осы жағдайға қатысты жұмыс істеді, сонымен қатар, жұмысына да барып жүрді. Ол өте жауапты, қандай жағдай болса да солдат сияқты жұмысқа барады. Осы бес күн ішінде бізге 4 әйел мен 6 бала келді, олар да көмек алады, олармен де мамандар жұмыс істейді", - деді ол.

Сондай-ақ, қор жетекшісі мен Гүлмира өздерін қолдаған жандарға алғысын жеткізді.

"Барлығы жақсы. Күйзеліске түстім. Енді жақсы болып келе жатырмын. Мені қолдап жатқан адамдарға рақмет. ...Қатты күйзелдім", - дейді видеода Гүлмира.

Айта кетейік, желіде тарап кеткен кадрларда "Бірақ..." бағдарламасының жүргізушісі эфирге келген қонақтан "күйеуіңіз ұруға себеп бола ма?" деп сұрайды. Жүргізуші тарапынан қойылған бұл сұрақ та қоғамда сынға ұшырады.

Сонымен қатар, бұған дейін "Хабар Агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Қойшыбаев осы жағдайға қатысты халық пен эфир қонағынан кешірім сұрады.

"Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", - деді ол.

Артынша "Хабар" телеарнасында эфирге шыққанына екі күн болған ток-шоу қоғамдық резонанстан соң жабылатын болды. 

Мәселеге мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі де араласты.

"Телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", - деді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар