Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектепте ұялы телефон пайдалану және педагогтердің жауапкершілігіне қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорданың мәліметінше, Президент "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңды бекітті.
Жаңа құжатта педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының оқушыларға қатысты құқықтық жауапкершілігі нақты айқындалған.
Енді мұғалімдер мен мектеп басшылығы білім алушылар немесе тәрбиеленушілерге қатысты оқиғалар үшін тек ресми жұмыс уақытында және сабақ кезінде ғана жауапты болады. Бұл өзгеріс педагогтерді сабақтан тыс уақытта немесе мектептен тыс жерде балалардың қатысуымен болған жағдайлар үшін негізсіз жауапқа тартудан қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар заң аясында Оқу-ағарту министрлігіне жаңа құзырет берілді. Министрлік орта білім беру ұйымдарында оқушылардың ұялы телефон қолдану тәртібін жеке әзірлеп, бекітеді.
Бұл бастама мектептегі оқу процесінің сапасын арттыруға, балалардың сабақ кезінде смартфонға алаңдамауын реттеуге және білім беру ұйымдарында тәртіпті күшейтуге бағытталған.