Freedom Inside '26

"Қарызым бар, үйленемін": Атырау трагедиясына қатысты құпия болған хаттар ашылды

"Қарызым бар, үйленемін": Атырау трагедиясына қатысты құпия болған хаттар ашылды
politico.kz коллажы

Атыраудағы сотта Сәрсемалиевтің көршісімен жазысқан хаттары көрсетілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол хаттарды Наурыздың атынан жазған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот барысында белгілі болғандай, көрші Шерхан Еңсегенұлы Наурыз Мұқанғалиевпен достық қарым-қатынаста болып, онымен үнемі байланысып тұрған. Әдетте олар бір-біріне дауыстық хабарлама жіберіп отырған. Алайда 2025 жылдың 5 қарашасынан бастап көршіге Наурыздың атынан мәтіндік хабарламалар келе бастаған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл хабарламалардың бәрін Наурыз өлтірілгеннен кейін оның атынан Сұлтан Сәрсемалиев жіберген.

Сәрсемалиевтің алғашқы өтініші малға қатысты болған. Хат жазған адам кешке малды аулаға кіргізіп қоюды сұрап, үйде ешкім жоқ екенін айтқан. Көршісі келісіп, уақытын нақтылаған. Оған «сағат 6-да» деп жауап берген. Кейін кешкісін ол өтініштің орындалғанын сұрап, оң жауап алған.

Келесі күні өтініш қайта жалғасқан. Бұл жолы «Наурыз» таңертең қой мен сиырды өріске шығарып жіберуді сұрап, ақысына Kaspi арқылы ақша аударатынын айтқан. Алайда көршісі ақшадан бас тартып, бәрі дұрыс па, ата-анасы қашан оралатынын сұраған. Жауап ретінде ата-анасының қалада ем қабылдап жатқанын, қашан келері белгісіз екенін жазған. Көршісі малға су беру керек пе деп сұрағанда, әке-шешесі келген соң өздері айналысатынын айтып, қажет емес деп жауап берген.

Кейін де хат алмасу осы бағытта жалғасқан. Хабарлама жазған адам ата-анасының әлі келе алмай жатқанын айтып, көршісінен шаруашылыққа қарап тұруын сұраған. Сонымен қатар қайта-қайта өтініш айтып жатқанын түсініп, ренжімеуін өтінген. Ол әкесінің бұған дейін малға қарауды басқа адамға тапсырғанын, бірақ ол адамның ішімдікке салынып, малға қарамай кеткенін айтып, сол себепті көршісінен көмек сұрауға мәжбүр болғанын жазған.

Шерхан Еңсегенұлы бірнеше күн бойы малға қарап жүрген. Кейін Дархан Бақытов есімді малшы табылған. Ол Наурыздың бұрыннан танысы болған. Сот барысында белгілі болғандай, Сәрсемалиев Наурыздың атынан екі жылдан кейін дәл осы адаммен байланысқа шыққан.

Бұл оқиғада бір күмән бар екенін алғаш болып көрші Шерхан сезген. Ол мал сатыла бастаған кезде күдіктене бастаған. Дауыстық хабарламаларында «Бір нәрсеге ұрынып қалдың ба?», «Мәкен қайда?», «Сенде бір мәселе бар сияқты», «Айтсаң, көмектесемін ғой, біз көрші емеспіз бе?» деп қатаң сұраған.

Бұған жауап ретінде Сәрсемалиев Наурыздың атынан адамдардың мазақ еткенін қаламайтынын, қаржылық қиындықтарға байланысты мәселелері бар екенін жазған. Сондай-ақ қазіргі уақытта шаруашылықпен өзі айналыса алмай жүргенін, қарызы көбейіп кеткенін, ал анасының уайымнан қан қысымы көтеріліп, төсек тартып қалғанын айтқан. Бұдан бөлек, үйленгелі жүргенін, сондықтан әкесі оған мал сатуға рұқсат бергенін хабарлаған.