Қарақиядағы наразылық: жергілікті әкімдік жұмыссыз тұрғындармен диалог орнатуға тырысуда

Dalanews 30 нау. 2023 09:59 753

27 наурызда басталған Қарақия ауданы, Жетібай ауылы (50-ге жуық адам) жұмыссыз тұрғындарының заңсыз әрекеті жалғасуда.

29 наурыздан бастап «Е-otinish» порталы арқылы аштық жариялау түріндегі наразылық акциясына барлығы 13 өтініш түсті.

Қазіргі уақытта өтініштер уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралуда. Айта кетейік, тамақтанудан бас тарту арқылы акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді.

Өз кезегінде Қарақия ауданының әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары, аудан прокуратурасы және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, наразылық білдірген жұмыссыздарға түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ең алдымен, Қарақия ауданының әкімдігі барлық жұмыссыздың бірден мұнай саласында жұмыс істеуі мүмкін еместігіне, жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартатынына назар аудартқысы келеді.


Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-нан бос жұмыс орындарын бөлуде жұмыссыздар тарапы «70-те 30», яғни Жетібай кентінің тұрғындары 70 пайызына, ал қалған 30 пайызы Қарақия ауданының басқа ауылдарындағы және облыстың басқа аудандарындағы жұмыссыздарға беру талабы қойылған. Қойылған талапты басқа ауыл, аудан тұрғындарына негізсіз деп санаймыз.

Бұл ретте Қарақия ауданының Құрық ауылы мен Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындары бос жұмыс орындарын бөлуде әділеттілікті талап етуде.

Қазіргі уақытта наразылық білдірушілер мемлекеттік органдардың түсіндіріп жатқан айқын және объективті фактілерін қабылдаудан бас тартып отыр. Жиналғандар "мұнай саласында жұмыс істеймін" дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген шындықты қабылдауы қажет.

Барлық мәселе конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуі тиіс.  


Сондай-ақ Қарақия ауданының әкімдігі наразылық білдірушілерге заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда заңда белгіленген жауапкершілікті ескертеді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар