Қарағандыда аурухана аумағынан өрт шықты: 20 науқас эвакуацияланды

Қарағандыда аурухана аумағынан өрт шықты: 20 науқас эвакуацияланды
Фото: видеодан скрин

Қарағандыда көпсалалы ауруханалардың бірінен түнде өрт шығып, 20 науқас қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алдымен аурухана аумағында жиналған қағаз қалдықтары тұтанған. Кейін жалын бес қабатты негізгі ғимаратқа жапсарлас салынған бір қабатты кіреберістің ағаш шатыр құрылымына тараған.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар аурухана әкімшілігімен бірлесіп, 20 науқасты ғимараттың көршілес бөлігіне эвакуациялады.

Өрт сөндірушілер жалынның аурухананың негізгі және оған жапсарлас ғимараттарына таралуына жол бермеді. Өрт 25 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.

Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.