Қарағандыда турнирден кейін 18 жастағы спортшы жансақтау бөліміне түсті

Қаракөз Амантай 20 ақп. 2026 14:21

Қарағандыда өткен жекпе-жек турнирінен кейін 18 жастағы спортшы Арыслан Атымтаев ауыр хәлде ауруханаға түсті. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы туыстары мен құзырлы органдар мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Halyqstan телеграм арнасының мәліметінше, оқиға 15 ақпанда, қалалық жекпе-жек федерациясы ұйымдастырған турнирдің екінші күнінде болған. Спортшының жақындарының айтуынша, жекпе-жектердің бірінде қарсыласы тыйым салынған әдіс қолданып, Арысланды басымен төмен қарата лақтырған. Алайда төрешілер жекпе-жекті тоқтатпаған.

Сол сәттен кейін Арысланның жағдайы күрт нашарлап, басын ұстап отырған. Біраз уақыттан соң есінен танып қалған.

Жәбірленушінің әпкесі Іңкәр Қалиеваның сөзінше, жарыс орнында толыққанды медициналық көмек көрсетілмеген.

"Оқиға орнында қажетті реанимациялық жабдықтары жоқ медбике болған. Жедел жәрдем кезекшілік етпеген, тіпті оны шақырмаған. Арысланды омыртқасын бекітпей алып шықты, кейін медициналық тасымалдау талаптарын сақтамай көлікке отырғызған. Ауруханаға оны ересектерсіз, тек 16 жастағы достарымен жіберген. Тіпті болған жайтты туыстары турнир ұйымдастырушыларынан емес, достарынан естіді", - дейді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы спортшының жағдайы ауыр екенін, оның жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

Ал Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - делінген ведомство хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove