Қарағанды облысының Полиция департаменті жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевқа қатысты іске пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер органдары Қарағандыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан күдіктінің үстінен алғашында бұзақылықпен денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. 1 ақпанда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал сот-медициналық сараптама жәбірленушінің жарақаты жеңіл дәрежеде екенін анықтаған.
Қарағанды облысының Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, осыдан кейін күдіктінің әрекеті бұзақылық санатына жатқызылған.
"21 ақпанда қылмыстық іс айыптау актімен бірге прокурорға жіберілді, ол шешімнің заңдылығын тексеріп, күдіктіні сотқа берді", - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Жедел жәрдем жүргізушісін ұрғаны үшін айыпталған Нұрболат Дакебаев Қарқаралы ауданының қыстақтарының бірінде, облыс орталығынан 200 шақырым жерде ұсталған еді.
Сол кезде Қарағанды облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин қылмыстық істі тергеу қатаң бақылауда екенін мәлімдеді.
Бұған дейін оған тағылған айып бойынша ең жоғары жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыру екені айтылған болатын.