Қарағандыда АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті

Қаракөз Амантай 05 шіл. 2024 20:00 2162

2024 жылғы 5 шілдеде Қарағанды қаласында Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қоғамдық талқылауға қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен экологтар қатысты.

Тыңдау аясында Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері сөз сөйлеп, АЭС салудың артықшылықтары, қазіргі атом станцияларының қауіпсіздігі, жұмыс принциптері және АЭС-тің қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы айтып берді.

ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова өз сөзінде Қазақстанда АЭС салу елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды шешім болып табылатынын атап өтті.


Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2019 жылы атом электр станциясын салу мәселесін көтерген. Бес жыл бұрын Президент өз сөзінде бұл мәселені халықпен міндетті түрде талқылайтынымызды айтты. Мәселенің ерекше маңыздылығын түсіне отырып, мемлекет талқылау процесін ұйымдастырды.

«АЭС көмірсутек ресурстары мен энергияны сырттан тұтынуды азайтатын тұрақты және сенімді энергия көзі болып табылады. Энергия тұтынудың артуы және төмен көміртекті экономикаға көшу қажеттілігі жағдайында атом энергетикасы оңтайлы шешім болып табылады. АЭС көмірқышқыл газын және басқа парниктік газдарды іс жүзінде шығармайды, бұл оның экологиялық таза жоба екенін көрсетеді», - деді Г. Мурсалова.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикинніңайтуынша, Қазақстанда АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша зерттеулер жүргізілді, олардың нәтижелері АЭХА-мен бағаланды. АЭХА қорытындысында АЭС-ті Балқаш көліне жақын орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ екендігі атап өтілді.

«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков заманауи реакторлардың қауіпсіздігі туралы айтып берді. Ол атом саласының ұлттық кәсіпорындарының біліктілігінің жоғары деңгейін және қолда бар кадрлық әлеуетін атап өтті. ҚР Ұлттық ядролық орталығы қолданыстағы және перспективалы ядролық реакторлардың қауіпсіздігін негіздеу үшін атом энергетикасының жетекші жеткізушілерімен бірлесіп зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижелері әлемде жұмыс істеп тұрған АЭС-терде қолдау тапты -деп түсіндірді Э. Батырбеков.

Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар АЭС салу жобасы туралы жұртшылықты одан әрі хабардар етудің және Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға байланысты мәселелерді талқылауға азаматтарды белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болды.

Ағымдағы жылдың маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар