Қарағанды облысындағы алапат өрт: Бір адам мерт болды

Қаракөз Амантай 07 қаз. 2024 09:59 2076

Қарағанды облысында Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өрт сөндіруші қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ТЖМ мәліметінше, оқиға 6 қазанда болған. № 24 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы 1991 жылы туған Хали Хайрат көз жұмды. Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.

"Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді.

Еске салайық, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы алапат дала өрті 3 мың гектар аумақты шарпыды. Өрт негізінен Қарағанды облысының Қоянды ауылында құрғақ шөптің тұтануынан басталған, кейін желдің әсерінен Баянауыл ұлттық паркінің ормансыз аумағына таралған. Аталмыш жағдай барысында төрт адам зардап шекті, оның ішінде үш өрт сөндіруші және бір жергілікті тұрғын күйік алып, олар Қарағанды қаласына тікұшақпен жеткізілді.

Өртті сөндіру үшін 56 техника мен 4 тікұшақ жұмылдырылды. Суды Шалқаркөл көлінен алып, бірнеше мәрте өрт ошақтарына төкті. Желтау ауылынан 18 адам, оның ішінде сегіз бала эвакуацияланды    .


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар