Қарағанды облысында ұрланған 27 жылқы табылды

Асель Қайратқызы 10 қар. 2025 12:16

Қарағанды облысында блок-бекетте тұрған полицейлер ұрланған жылқылар тиелген жүк көлігінің жолын кесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Polisia.kz. сайтына сілтеме жасап.

9 қараша күні Қарағанды облысы полиция департаментіне Астана қалалық полиция департаментінен ұрланған жылқылар тиеген КамАЗ жүк көлігі Қарағандыға қарай бағыт алып бара жатқаны жөнінде жедел ақпарат келіп түсті. Теміртау қаласындағы блок-бекеттердің бірінде тексеріс жүргізіп жатқан патрульдік полицейлер аталған көлікті тоқтатты. Көлікті басқарған азамат Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны болған.

– Тексеріс барысында жүргізуші 45 бас жылқыны Степногорск қаласының тұрғынынан 13,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Жылқылардың нақты иелерін анықтау мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды бейнежазбаға түсіріп, әр өңірдегі шаруа қожалықтарының чаттарына жіберген, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.

Біраз уақыттан кейін Ақмола облысының 54 жастағы тұрғыны бейнежазбадан өзіне тиесілі ұрланған 27 жылқысын таныған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар