Қарағанды облысында жан түршігерлік оқиға орын алды: 15 жастағы жасөспірім қызды өгей әкесі 38 жастағы ер адамға күштеп тұрмысқа берген. Қазір оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, ал қыздың анасы мен өгей әкесіне ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюроға сілтеме жасап.
Қыздың туған әкесінің айтуынша, 13 наурызда қызы күйеуінен қашып, көмек сұрап оның үйіне келген. Ер адамның сөзіне қарағанда, жасөспірім төрт күн бойы еркінен тыс ұсталған. Осыдан кейін әкесі полицияға арыз жазған. Күдікті қазір уақытша тергеу изоляторына қамалды.
"Мен балаларымды өзімнің қамқорлығыма алғым келеді. Ұлым да, қыздарым да кәмелетке толмаған. Мен олардың өміріне қауіп төніп тұрған үйде тұруын қаламаймын. Тіпті кенже қызымның өзіне де: “Сені кейін күйеуге береміз” деген екен. Бұл – өте қорқынышты жағдай", – дейді қыздың туған әкесі.
Оның айтуынша, өгей әкесінің үйінен тыйым салынған діни әдебиеттер де табылған. Қазіргі таңда төрт бала уақытша әкесінің қамқорлығына берілді. Алайда анасының қазіргі күйеуінен тағы екі кішкентай баласы бар. Осылайша Абай ауданының қамқоршылық органы алты балаға қатысты ата-анасын құқығынан айыру жөнінде сотқа талап-арыз түсірген.
"Бала некеге отырғанын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында өзі айтып берді. Бес күн бойы үйінде болмаған қызға анасы іздеу жарияламаған. Осы себепті сотқа арыз беру туралы шешім қабылданды", – дейді Абай ауданы білім бөлімінің бас маманы Марина Стрельникова.
Жасөспірім қыз Алматыдағы жекеменшік мектепте онлайн оқыған және хиджаб киген. Алайда әкесінің үйіне келген соң орамал тағудан бас тартқан. Қамқоршылық органдары бұл – қыздың бұрынғы отбасында діни қысым көргенінің дәлелі деп отыр.
Қыздың нағашы атасы – анасының әкесі – немересін қорғауға шыққан.
"Иә, мен барлық кінәлінің заң жүзінде жазалануын қалаймын, тіпті өз қызым да. Бұл – менің жүрегіме ауыр, бірақ олар немеремді сатып жіберді. Біз күйеу балам екеуміз балаларды өзіміз баға аламыз", – дейді ол.
Қыздың әкесінің айтуынша, анасы мен өгей әкесі оған арыздан бас тарту үшін қысым көрсеткен. Алайда медициналық сараптама зорлықтың болғанын растаған. Енді қылмыстық іс бойынша сот отырысы таяу уақытта өтеді.