Қара теңіздегі танкерлерге дрон шабуылы жасалды: Сыртқы істер министрлігі не дейді?

Сағыныш Сардарова 14 қаң. 2026 16:54

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қара теңіздегі жағдай бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты алаңдаушылық білдірді.

"Бірқатар еуропалық мемлекеттің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ, америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажет шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік. Қазақстан Республикасының қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы емес", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік танкерлердің рұқсаттары болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

"Кейінгі уақытта мұндай оқиғалар жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз", - деді ведомство өкілі.

Еске салайық, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы да Каспий құбыр консорциумы терминалындағы оқиғаға пікір білдірді.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында, КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove