Қапшағай су қоймасында өзгені құтқармақ болған жігіт қаза тапты

Қапшағай су қоймасында өзгені құтқармақ болған жігіт қаза тапты
Андрей Козятинский. Фото: instagram.com/berdikhanov_askhat

Қапшағай су қоймасында суға батып бара жатқан адамға көмекке ұмтылған Қонаев қаласының тұрғыны Андрей Козятинский қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы жағдай туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Қала басшысының айтуынша, Андрей Козятинский өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, қиын жағдайға тап болған демалушыны құтқаруға әрекет жасаған.

«Қонаев қаласының тұрғыны Андрей Филиппович Козятинскийдің Қапшағай су қоймасында өзгені құтқарамын деп, өз өмірін қиғаны туралы қайғылы хабарды ауыр қабылдадым. Оның әрекеті – батылдықтың, жанқиярлықтың және жоғары адамгершіліктің шынайы үлгісі», – деп жазды әкім.

Асхат Бердіханов мұндай қадамға жүрегі кең әрі қайсар адам ғана бара алатынын атап өтті.

Қала әкімі Қонаев тұрғындарының атынан марқұмның әкесіне, бауырына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Орны толмас қайғыны бастан өткеріп отырған отбасына қолдау білдіремін», – деді ол.