Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғанын айтқан қырғыз музыкантына қатысты іс: 4 полицей ұсталған

Сағыныш Сардарова 15 сәу. 2024 11:48 9209

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, кейін босап шыққан қырғыз музыканты Викрам Рузахунов әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол өзіне қатысты іс Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жолданғанын мәлімдеді.

"Осы құрылымның екі қызметкері басталған істі соңына дейін жеткізу үшін Астанадан Алматыға арнайы іссапармен жіберілді.

Қазір бұрын анықталған полиция қызметкерлерінің төртеуі ұсталды және қамауға алынды (олардың бірі азаптау мен зорлық-зомбылық дерегін мойындады, екіншісі өтірік ақпараттар жариялау үшін блогерлер мен журналистерді жалдады)", - деді ол әлеуметтік желіде.

Оның сөзінше, қазір жәбірленушілер қатары көбейген.

"Адамдардың санасы біртіндеп оянып жатыр, жәбірленушілер қатарында қазір 22 адам бар. Олар - менімен бірге құқық қорғау органдарының қатыгездігі мен қорлығына ұшырағандар, бір уақытта, бір жерде. ...Бас прокуратура бұл істі аяқтайтынына сендірді, ал алғашқы 4 қылмыскерді ұстау - тек бастамасы.

Ешкім жауапкершіліктен қашып құтылмайды! Азаптау, зорлық-зомбылыққа жол жоқ!!! ... Тергеу жалғасып жатыр", - деді ол.

Бұған дейін Алматыдағы полицияда азапталғанын мәлімдеген танымал қырғыз музыканты Викрам Рузахунов видеоүндеу жариялады. Әлеуметтік желілерде таралған видеода ол әділет үшін күресетінін айтқан еді.

"Ұзақ ойландым. Музыка мен кәсіпке ештеңе болмағандай орала алмайтынымды түсіндім. ТМД елдеріндегі демократияны дамытуға, адам құқықтарына қатысты жағдайды жақсартуға үлес қосқым келеді", – деді ол.

Рузахуновқа қырғыз заңгерлері көмектесетіні белгілі болды. 10 ақпанда ол Қазақстандағы полиция күштері өзін азаптағанын айтқан.

Рузахуновтың мәлімдеуінше, ол желтоқсанның аяғында Алматыға келіп, 7 қаңтарда еліне қайтып бара жатқан уақытта ұсталған. Оның құжаттарын, банк карталарын, ақшасын тартып алған.

Үш күн қамауда болған қырғыз музыканты сол жылы 10 қаңтарда Қырғызстанға қайтарылды. Бет-аузы көгерген Рузахунов Бішкекке жеткен бетте ауруханаға түсті.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде екі қырғыз азаматы қаза тапқан. Онға жуық қырғызстандық қамаудан босатылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар