Қаңтар оқиғасы: депутаттар Тұрғымбаевтан кейін де тұтқындаулар боларына сенімді

Сағыныш Сардарова 06 мам. 2024 09:54 6243

Жақында Қаңтар оқиғасы кезінде Ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Ал Бас прокуратура 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді әлі де тергеп жатқанын жария етті. Сарапшылар Қаңтар шындығы 2 жылда қаншалық ашылды деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, бұл оқиғаға қатысты шындық әлі де ашыла түседі.

"Қаңтар шындығы әлі ашылған жоқ, ашыла түседі. Қаңтар оқиғасына дейін бір жыл бұрын АҚШ-та мәжілісті жаулап алу әрекеті болған еді. Мысал үшін соның соттары әлі жүріп жатыр. Трампқа әлі күнге дейін айып тағылайын деп жатыр. Ерте ме, кеш пе, сол соттың болатыны анық. Сол сияқты тұтқынға түскен адамдар уақыт өте жан-жағын ойлана бастайды. Олармен тергеушілердің жұмыстары жалғасып жатады. "Шынымды айтсам, мен кінәлі емеспін, маған мынадай тапсырма келіп еді" дегендей қосымша ақпарат беруі мүмкін. Адвокаттары бар, ағайын-туысы бар, адам қапасқа түскен соң "неге мен ғана жауап беруім керек, неге мыналар жауап бермейді" деп неше түрліні ойлайды ғой.

Менің ойымша, әлі толыққанды шындығын ашып біткен жоқпыз, оған да уақыт керек. Бірақ осындай оқиғалардың, осындай фактілердің түпкілікті үлкен жиынтығы үлкен бір шындықты ашады", - деді ол "Халық үніне".

Депутат Абзал Құспан да Қаңтарға қатысты тергеулер бірнеше жылға созылады деген пікірде.

"Қаңтар шындығы ашылды деп айтқан да дұрыс емес. Қаңтарға қатысты лауазым иелерінің барлығы ұсталып болды деп айту да шындыққа сәйкес келмейді. Оған нақты бір мысал келтірейін. Қаңтарға қатысты 5500-ден аса қылмыстық іс тіркелді, ал сотқа кеткен қылмыстық істердің саны 500-дің төңірегінде ғана. Яғни барлық қылмыстық істің он пайызына да жетпейді.

Сондықтан, біріншіден, Тұрғымбаевпен шектелмейді. Екіншіден, Қаңтар шындығы толық ашылды деп айтуға болмайды. Бұл - әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін жағдай. Кем дегенде 238 адам көз жұмды деп отырмыз. 1 қылмыстық істі ашу кейде бірнеше жылға созылатын жағдайлар болады. Барлығының нүктесін қою үшін өте көп уақыт керек болады. Әлі бірнеше жылға созылса да таңғалмаймын", - деді депутат.

Ал депутат Жарқынбек Амантайдың сөзінше, шенді қызметте отырғандардың арасында Қаңтарға қатысы барлар табылуы да мүмкін.

"Қаңтар оқиғасы бір күнде дайындалған дүние емес қой. Сондықтан оның ашылуына да уақыт керек болады. Жасырын, көлеңкеде, шымылдықтың артында тұрып әрекет жасағандар да бар. Сондықтан оның бәрін айқындау бір күннің, бір жылдың шаруасы деп ойламаймын. Уақыт өткен сайын ашыла түседі. Оның үстіне әлі де биліктің тармақтарында дәл осы оқиғаларға қатысты адамдардың болуы ықтимал", - деді Мәжіліс депутаты.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Тұрғымбаевтың ұсталуы жаңа адамдардың ұсталуына да әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Қылмысты зерттеу, болған оқиғаларды тергеу кезінде жаңа фигуралар пайда болуы мүмкін. Сондықтан оған таңғалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі Қаңтар оқиғасы кезінде бұл кісі ішкі істер министрі болды ғой. Жаңа фактілер пайда болуы мүмкін. Жаңа материалдар пайда болуы мүмкін. Ертең ол кісіні тергеген кезде басқа фигуралар шығуы мүмкін", - деді ол.

Ал депутат Ермұрат Бапи Тұрғымбаевтың айыбы неде екенін түсіндіріп берді.

"Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасының кіндігі емес, бірақ белгілі бір жауапты тұлға деп есептеймін. Себебі Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық полиция департаменттерінің барлығы өздерінің жұмыс орындарын тастап кетіп қалуы - үлкен қылмыс. Олардың кетіп қалуына команда берген - Тұрғымбаев. Осы тұрғыдан ол сол кездің өзінде жазаға тартылуы керек еді. Бірақ кеш болса да оны қамауға алу Қаңтарға қатысты әділеттіліктің үлкен бір белгісі деп ойлаймын. Бірақ Қаңтардың мәселесі мұнымен біткен жоқ. Қаңтардың мәселесі Қазақстанда ұзаққа созылатын процесс болады деп ойлаймын", - деді саясаткер.

Айта кетейік, 29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі) бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталған болатын. 

"Қылмыстық істе мемлекеттік құпия мәліметтер болуына байланысты соталды тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды", - деді прокуратура өкілдері.

Ал Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты 30 сәуірде бұрынғы ішкі істер министрі Тұрғымбаевқа қатысты екі ай мерзімге "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар