Қанатбек Жайсанбаев жаңа қызметке тағайындалды

Қанатбек Жайсанбаев жаңа қызметке тағайындалды
Ақорда

Қанатбек Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Мемлекет басшысының жарлығымен Қанатбек Бақытұлы Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы қызметіне тағайындалды. Осыған байланысты ол бұған дейін атқарған лауазымынан босатылды.

Қанатбек Жайсанбаев еңбек жолын 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының Қызылордадағы филиалында оқытушы болып бастаған.

2001 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Соттық әкімшілендіру комитетінің Қызылорда облысы бойынша сот әкімшілігінде бас маман қызметін атқарды.

Сол жылдың желтоқсанында Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық жұмысы бөлімінде бас маман болды. Кейін, 2003 жылдың қыркүйегінен бастап аталған бөлімнің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.

2007-2008 жылдары «Kazakh Integrated Services» ЖШС және «CNRG Capital» ЖШС-ның Астана қаласындағы өкілдігінде заңгер қызметін атқарды.

2008-2016 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары және аппарат басшысы лауазымдарында еңбек етті.

2016 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, кейін Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың 9 желтоқсанына дейін Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2022 жылғы 9 желтоқсанда Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Ал 2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына бекітілді.

Қанатбек Жайсанбаев «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар естелік медальмен марапатталған.