"Қала салғанды бірінші рет көрдік": Мырзатай Жолдасбеков Астананың алғашқы жылдарын еске алды

"Қала салғанды бірінші рет көрдік": Мырзатай Жолдасбеков Астананың алғашқы жылдарын еске алды
ашық дереккөзден

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков елорданың алғашқы қалыптасу жылдары туралы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ғалымның айтуынша, ол 2000 жылы арнайы шақыртумен Астанаға көшіп келген. Сол уақыттан бері қала өміріндегі үлкен өзгерістерге, елорданың кезең-кезеңімен дамып, жаңа келбетке ие болғанына куә болып келеді.

Мырзатай Жолдасбеков бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің "Руханият" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берген сұхбатында айтты. Сұхбат барысында академик елорданың қалыптасу кезеңіндегі жұмыс қарқынына тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы дамыту бағытындағы еңбегі туралы да пікір білдірді.

"Жағалауда "Пионер үйі" деген бар, басқа баратын жер жоқ. Сол жылы Президент мемлекет қызметіндегі, елге еңбегі сіңіп жүрген дәрежелі адамның бәріг шақырды. Астананың келешегі туралы әңгіме қозғады. Сол жағалауда түк жоқ. Жылан жалағандай… Сол жерде тұрып, Нұрекең "анау болады, мынау болады" деп, бәрін жырдай қылып айтты. Ішімнен ойладым: "Сөз деген айтыла береді екен ғой. Кім істейді оның бәрін деп? Қашан болады бұл?" деп. Ал, қазір қарап отырсаң, қала өсіп барады. Статистикаға қарап отырсам, 2 млн-нан асыпты Астананың халқы. Бұдан бұрын, тас үй салғанды көрдік. Зауыт салғанды көрдік. Ал, қала салғанды, оның ішінде Астана салғанды көргеніміз жоқ! Бұл ғасырда біз сияқты астана салған мемлекет жоқ! Сол жағалауда қазір күні-түні адам! Жастардың жүрген жері – ойын-күлкі, той! Бұл – жақсылықтың белгісі", – деген еді Мырзатай Жолдасбеков.