Қадыров қайта сайланды

Dalanews 06 қаз. 2016 08:36 914



Шешенстан астанасы Грозныйда үшінші мәрте республика басшысы болып сайланған Рамзан Қадыровты инаугурациялау салтанаты өтті. Қадыровтың қызметке кірісу кеші саясаткердің 40 жасқа толуы мен Қала күніне сәйкес келіп тұр.





"Жаратқан Алланың қалауымен, мен үшінші мәрте Шешенстан Республикасы халқының болашағы мен тағдыры үшін үлкен жауапкершілік арқалап отырмын. Жаратқан Алланың қолдауымен бар күшімді, білімім мен тәжірибемді халқыма қызмет етуге, елдің гүлденуіне және әділдіктің орнауына арнаймын", - деп ант қабылдады Қадыров.

Ол дәл осы күні әкесі Ахмат қажы Қадыров 13 жыл бұрын 5 қазанда Шешенстан президенті болып сайланғанын есіне түсіріп, көзіне жас алды. Қадыров антты шешен ұлттық киімімен қабылдады. Ол антты шешен және орыс тілдерінде оқыды.

Салтанатты кеш Шешенстан мемлекеттік филармониясының залында республика парламентінің отырысы кезінде өткізілді. 18 қыркүйектегі сайлауда Қадыров, "Едина Россия" партиясының үміткері, 97,94 пайыз дауыс жинады. Шешенстанда сайлаушылардың 94,8 пайызы дауыс беруге қатысты деп хабарланды.

Қадыровты сынаушылар және Шешенстандағы адам құқығын қорғаушылар республика басшысын адам құқығын өрескел бұзғаны, атап айтқанда адамдарды ұрлап әкетіп, азаптап, кісі өлтіргені үшін айыптап отыр.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар