Путиннен қазақ жерлерін қайтаруды талап еткен әйел сотталды

Көркем Алдабергенова 23 мам. 2025 09:25

Путиннен «қазақ жерлерін қайтаруды» талап еткен Жансұлу Дархамбаеваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырды деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылды.

БАҚ мәліметінше, Дархамбаева Ресей президентіне бағыттап бірнеше видео жариялап, онда Путинді қазақ жерлерін қайтаруға үндеген. Атап айтқанда, ол ресейліктерге "қазақ жерін қайтармасаңдар – өлесіңдер" деген мазмұнда үндеу жолдаған.

Дархамбаеваның айтуынша, Алтай, Орынбор, Астрахан, Курск, Том, Қорған, Саратов және Новосібір облыстарына қатысты "жүз жылға берілген жалдау мерзімі" биыл аяқталуы тиіс.

Бұл іс Ресейдің ондаған ақпарат құралында жазылды. Олар Дархамбаеваны "русофобиялық көзқарасы бар адам" деп сипаттап, оның түрмеге қамалуы жай ғана "формалдық жаза болуы мүмкін" деп болжайды.

Ресейлік басылымдардың бірі Қазақстанда соңғы уақытта мұндай мәлімдемелер жиілеп кеткенін, елде "жаңа тарихпен" оқулықтар шығарылып жатқанын, блогерлердің осыған ұқсас видеолар жариялап жүргенін және Украинадағыдай "тіл патрульдерінің" пайда бола бастағанын алға тартады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар