«Жаңа жылға дейін Зеленскийдің күні бітеді-мыс», «Ресей Украинаны бомбалап тас-талқан етеді-мыс» деген тәрізді пайымдаулар ақиқаттан мүлде алыс. Нақты жағдай қандай?
Украина армиясы мен халқының жеңіске деген мотивациясы зор, өйткені олар өз атамекені мен туған жерін қорғауда. Соғыс басталған алғашқы аптада ғана 5 млн-ға жуық украиндық Отан қорғау үшін майданға сұранып әскери комисариаттарға барған. Орыс әскерінде бейбіт елді мекендерді тонаудан басқа мотивация жоқ.
Ресей әскері Украинаның негізінен орыстар тұратын шығыс тарапындағы қалалар мен елді мекендерді басып алып, бейбіт тұрғындарын қыра бастаған соң бұрын басы қосыла бермейтін Украина халқы қазір Ресей агрессиясына қарсы тас түйін бірікті. Патриотизмі күшейді. Украина тәуелсіздігін қорғауға қатысып жүрген қазақ жігіттері де бар.
Ресей агрессиясынан кейін украин тілі елдегі жетекші, басты тілге айналды. Орыстардың өзі украин тілінде сөйлейтін болды.
Қазір Украинаның майдандағы армиясының саны 700 мыңнан асты. Бір млн запастағы әскері дайын тұр. Ай сайын шетелдерде 10 мыңнан астам украин әскері дайындықтан өтеді. Олар жаңа соғыс техникасын меңгеруді үйренуде.
Украина жеті айда Ресейдің тұрақты (регулярная) армиясын талқандады. Ресейдің 60 мыңнан астам солдаты мен офицерінің көзі жойылды. 200 мыңнан астам әскері жараланды, 30 мыңдай әскери қызметкері хабар-ошарсыз кетті. (Джавелин снаряды тиген танк экипажынан ешқандай із қалмайды). Тұрақты армиясы талқандалған Ресей енді амалсыз мобилизация арқылы резервтік армиясын ұрысқа қосып жатыр. Жағдайының қиындап бара жатқанын сезген Ресей билігі Украин тарапынан күн сайын дерлік келіссөзге отыруды, соғыс қимылдарын тым болмаса үш айға тоқтата тұруды сұрап өліп барады.
Украина Қарулы Күштері қыркүйек айының ортасынан бастап қорғаныс қимылдарынан енді батыл шабуыл әрекеттеріне көшті.
Бүгінгі күнге дейін Херсон, Запорожье, Луганск мен Донбасс өңірінде 1700-ден астам елді мекен азат етілді.
Жау уақытша басып алған аумақтарда украин партизандарының қозғалысы қанат жайып барады. Олар дұшпан коммуникацияларына айтарлықтай зиян келтіруде. Украин артиллериясына жаудың әскери қоймалары, жанармай бекеттері, штабтары мен әскери казармалары туралы кординаттар беруде.
Орыс армиясында тәжірибелі офицерлер жетіспейді. Көшеден ұсталған жастардан, 40-50 жастағы «диван батырларынан», түрмеден шығарылған қылмыскерлерден жасақталған құрамалары «зеңбірек жеміне» айналып жатыр. Бұрын орыстардың күніне орташа есеппен 120-150 солдаты қаза табатын болса бүгінде күніне 450-500 солдаты ажал құшуда.
Жанталасқан Ресей одақтас мемлекет ретінде Белорус жеріне 70 мың әскерін шоғырландырып жатыр. Солтүстіктен тап бермек. Бірақ Украина армиясы Белорус шекарасында осы қауіпке қарсы әскери жаттығу өткізіп, қазір «келсең кел» деп сақадай сай отыр. 70 мың полиэтилен пакет дайын.
Украина Еуроодаққа кандидат ел ретінде қабылданды.
Украина Ресейдің энергожүйесінен шығып, Еуропаның энергожүйесіне қосылды.
Украинаның ең заманауи қару-жарақтармен жарақтануы жылдам жүріп жатыр. АҚШ-тың арнайы ленд-лиз заңы бойынша орасан көлемде көмек жүзеге асырылуда. АҚШ-тың 800-ден астам әскери зауыты Украинаға жұмыс істеуде.
Еуроодақ елдері де қолынан келгенше көмек жасауда. Қызық болғанда көлемді «көмек» Ресейден жасалып отыр. Өз еркімен тұтқынға берілген орыс солдаттары айдап әкелген танктер мен зытқан ресейліктер майдан даласына тастап кеткен танктердің саны қазір 500-ден асып кетті. Олар қазір орыс әскеріне қарсы шайқастарда қолданылуда.
Украина Қарулы Күштері қазір Еуропадағы ең тәжірибелі, ең мықты армияға айналды.
Украина қазір әлемдегі ең танымал мемлекет. Киев 2022 жылы әлемде шетел президенттері мен халықаралық ұйымдардың басшылары ең көп келген қала болып отыр.
НАТО қайтадан әлемдегі ең ықпалды әскери ұйымға айналды. Оның қатары Шведия және Финляндия сияқты екі елмен толықты. Украина НАТО құрамына мүшелікке өтуге ресми өтініш берді.
Үстіміздегі жылғы 14-қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресей Федерациясының басқыншылық жолмен ДНР, ЛНР, Херсон, Запорожье облыстарын өзіне қосып алу мақсатында өткізген референдумын, УКраинаға агрессиясын айыптаған қарар қабылдады. Оны әлемнің 143 мемлекеті қолдады. Ресей, Белоруссия, КХДР, Никарагуа мен Сирия сияқты бес мемлекет қарсы шықты. Қазақстан қалыс қалды.
Енді Біріккен Ұлттар Ұйымында Ресейді «терроризмнің спонсоры» деп тану туралы заң жобасы қарастырылмақ.
Киевте орыстардың дрондық шабуылдарына тосқауыл қоятын антидрондық «шатыр» жүйесі қолданыла бастады.
Ресейдің ирандық ұшақсыз аппараттарынан қорғану үшін Украинаға америкалық-норвегиялық NASAMS зымырандық кешендері жеткізілуде. Ол 40 шақырымдық радиуста бір жолғы залппен дұшпанның әуедегі 54 шабуыл құралын жойып жібере алады.
Бүгін 19-қазанға дейін (соғыстың 239-шы күнінде) Украина Ресейдің 65 850 солдаты мен офицерінің көзін жойды. 2559 танкіcін өртеді, 268 ұшағы мен 246 тікұшағын атып түсірді. 5178 жауынгерлік машинасын, 359 залптық атыстың реактивтік жүйесін (РСЗО), 5178 бронды жауынгерлік машинасын, 183 әуе шабуылынан қорғаныс құралдарын, 1215 ұшқышсыз әуе аппаратын, 316 қанатты зымыранын жойып жіберді.
Қазір Чехияның талабы бойынша басқыншылық соғысқа ұрындырған Ресейдің Путин, Патрушев, Медведев, Бортников, Шойгу, Лавров сияқты басшыларын Гаагада қылмыстық жауапқа тартатын арнайы халықаралық трибунал құрылуда.
Көріп отырғандарыңыздай Украинадағы соғыс Ресейдің пайдасына шешіліп жатқан жоқ. Инициатива украиндар жағында!
Марат Бәйділдаұлы, журналист