"Президенттің ауызашары" – жылда өтетін "Президент шыршасы" секілді әдепкі іс-шараға айналуы керек

Dalanews 23 сәу. 2022 04:19 1128

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен билікті тұтастыруға күш салып келеді. Күні кеше ғана Президент Ақордада зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, ауызашар бергенін халық ерекше ықыласпен қолдады.

Қарапайым қазаққа тән осындай әрекеттер Тоқаевты халыққа жақындата түсетіні анық. Біреулер мұны «саяси ұпай жинау үшін әдейі ұйымдастырды» деп айтуы мүмкін. Бұл түбірімен қате пікір. Бір күндік ауызашар ешкімге саяси ұпай әкелмесі анық. Бүгінде қазақ халқы мұндайға алданбайды. Саяси ой-санасы өскен. Мұны Тоқаевтың өзі де жақсы біледі.

Жылда Жаңа Жыл қарсаңына «Президент шыршасы» ұйымдастырылып, бала-шағы мәре-сәре болып жататынын бәріміз білеміз. Бірақ сол кезде «Президент балаларды шырша басына жинап, саяси ұпай жинап жатыр» деп ешкім айтпайды ғой.


Алдағы уақытта Президенттің ауызашар беруі де сондай әдепкі, қазақы дүние болып, санамызға сіңіп кетуі тиіс.

Есіңізде болар, «Қаңтар қасіретіне» қырық күн толғанда, Тоқаев қанды қырғында қаза болғандардың рухына бағыштап, құрбан шалды. Сол кезде Президентіміз жаны ауырған қарапайым халықпен бірге күйзелгенін байқадық. Арыста болған жарылыс кезінде де Тоқаев бірінші болып барып, қарапайым халыққа қолдау көрсетті. Сол кезде де көңіліміз өсіп қалған еді.

Енді қазақы дәстүрді сақтап, жұртқа ауызашар беріп отыр.

30 жыл бойы билік тарапынан ұлттық құндылықтарымызға тиісті деңгейде құрмет болмаған соң, мұның бәрі бізге таңсық болып көрінуі мүмкін.

Осындай бір-екі ауызарашардан кейін мұның бәрі қалыпты дүниеге айналуы шарт.

Керек десеңіз, Ақорданың қақпасының алдына барып, елордалық бүлдіршіндер «Жарапазан» айтып, Тоқаев бүлдіршіндердің қалтасына тәттіге толтырып жатса, тағы да таңқалмаңыз. Тоқаев дәстүрді сыйлайтын қазақ адам деп қабылдаңыз. Болды, бітті. 


Несін айтасыз, осыған дейін Ердоғанның қарапайым түріктердің үйінде ауызашарда отырған фотосын көріп таңқалушы едік. Енді Тоқаевтың ауызашар берген суретін желіге салып тамсанатын болдық.

Ал ағайын, ниет қабыл болсын! Оразадан Оразаға есен-сау жете берейік!

Нұрлан ЖҰМАХАНОВ, журналист

Нұрлан ЖҰМАХАНОВ, журналист

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар