Мемлекет басшысы Алматыдағы төтенше жағдай кезінде тиісті органдардың бұндай төтенше, шұғыл жағдайларда әрекет ету мен халықты қорғау жұмыстарын толықтай жүзеге асыруға дайын емес екендіктерін ашық айтты.
Дайындықтың жоқтығы сонымен қатар сейсмикалық мониторинг желілеріне, төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың заманауи технологиялар мен жабдықтармен жасақталмағандықтарына да қатысты екендігіне, Қазақстанда құрылыс жүргізу кезінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінің толық кешенді жүзеге аспайтындығына да назар аударды.
Президент бұл сапарында да жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау керектігін ескертті.
Ал бұл айтылғандар 2023 жылдың 23 ақпанында Мемлекет басшысына Алматы қаласының әкімі есеп беру кезінде де айтылған болатын. Ол кезде Президент Алматы қаласының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы жылдың екінші жартыжылдығында сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдаған болатын.
Алматы қаласында болған жер сілкінісінен кейін бұл шара мен тапсырманың орындалуы қатаң бақылауда болатындығы, Президенттің назарында екендігін көріп отырмыз.
Президенттің сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес кезінде бірнеше тапсырма берді. Зілзала кезінде ақпараттандыру мен дабылдың қосылуына қатысты пікірін білдіріп, зілзаладан кейін халықты әрі қарай қалай әрекет ету керектігі туралы ақпараттармен қамтамасыз ету керектігін қадап тұрып айтты.
– Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент. Сондай-ақ, осындай сәттерде халық арасында жалған ақпарат таратып, дүрбелең салатындардарды заңға сай жазалау керектігін де айтты.
Кездесу кезінде төтенше жағдайларды алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтандырылу деңгейінің төмендігі сөз болды. Бұл мәселені шешу үшін жаңа сейсмологиялық орталықтарды ашу көзделген.
– Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС-не қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебінше бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет, – деген болатын.
Алматы қаласында болған зілзала барлық аймақтың инфроқұрылымын, ресурстардың, жұмысты орындау мен көмек көрсету әрекеттеріне қатысты шарашалардың қайта қарастырылуы мен алдын алу шараларын жасау керектігін көрсетіп отыр.
Мысалы, зілзала орын алған жағдайдан кейін көлік байланыс жолдарын қалпына келтіру, медициналық қызметтер көрсету шараларын жасауды қайта қарастыру керектігін, осы жолда барлық аймақ басшылары Алматы қаласының мысалына негіз салуды, соған қарап олқылықтарды анықтау керектігіне назар аудартты.
Алматы қаласында болған жер сілкінісінің мысалында сейсмологиялық мониторинг және жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру керектігін, осы жолда жаңа технологиялар, оның ішінде жасанды интеллект саласындағы жетістіктер мен мүмкіндіктерді қолдануға да Президент ден қойды. Сонымен қатар, бұл салада, яғни сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға назар аудару керектігін айтты.
Шараның соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласының тұрғындарына Үндеуін жолдады. Президент өз Үндеуінде қала тұрғындарын сабыр сақтауға, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Президент ел басшылығының халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолдан келгеннің бәрін жасайтындығын, сондай-ақ Алматылықтардың талап-тілектері әрдайым басты назарда екендігін айтты.